Астанада 460 референдум учаскесі жұмыс істейді
Астанада 900 мыңнан астам дауыс беруші бар, деп хабарлайды 24kz.
Олар өз таңдауын жасау үшін әр аудандарда референдум учаскелері жұмыс істейді. Ерекше қолдауды қажет ететіндерге де қолайлы жағдай жасалған.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Таңмен таласып таңдау жасауға келген тұрғындардың қарасы қалың. Олар дауыс беру үшін бас қалада 460 референдум учаскесі жұмысын бастады. Шетелде жүрген елордалықтар да саяси науқанға қатыса алады. 59 мемлекетте 74 дауыс беру аймағы ұйымдастырылған.
Бейсембай Жұмабеков, Астана қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
- Астана қаласында барлық учаскелер жұмыс жасап жатыр. Барлығы дайын. Материалдық, техникалық базаларын атқарушы билік барлығын дайындап берді. Енді бұл референдумда ең басты мәселе – бюллетеньде бір ғана сұрақ. Сол бір сұраққа жауап беру керек.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қажеттінің бәрі бар. 348 референдум учаскесінде арнайы пандустар жасақталды. Ал зағип жандар үшін 460 дауыс беру бөлімшесінде аудиожазба қарастырылған. Сондай-ақ Брайль шрифті трафареттер да қамтылған.
Бейсембай Жұмабеков, Астана қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
- Біздің ең бірінші осы биылғы ерекшелігіміз – осы мүгедек азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Оның ішінде жаңағы арбамен жүретін, құлағы естімейтін, көзі көрмейтін азаматтарға бүгінгі күні әрбір учаскелерде сол кісілерге үлкен бұрыш жасалған. Сол бұрыштамалардан сол қолданатын өзінің әр нәрселері бар. Оның ішінде жанағы Брайль шрифті бар. Трафареттер бар, аудио записьтері бар. Слуховой радиолары бар.
Кәмелеттік жасқа толып, саяси науқанға алғаш рет қатысқан жастарға арнайы сый-сыяпат беріледі. «Осылайша, азаматтардың өміріндегі ерекше сәтін естеліктерге толы еткізіміз келеді», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы