Абай облысында 474 референдум учаскесі ашылды
Абай облысының тұрғындары референдумда белсенділік танытып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жалпы өңір бойынша 407 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Таңғы 7-ден бастап 474 референдум учаскесі жұмысын бастады.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Дәл қазір біз Семейдегі №84 дауыс беру учаскесінде тұрмыз. Таңмен таласа оянған халық ел игілігі үшін жасалып жатқан референдумға бей-жай қарамай дауыс беруге келіп жатыр. Алғаш рет дауыс беріп жатқан қала тұрғыны Данара Асқарбекова қазір менің жанымда тұр. Ол күні кеше ғана 18 жасқа толып, міне, референдумда дауыс беру үшін келген екен.
Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін Семейде 13 байланыс орталығы жұмыс істейді. Барлық учаскеде мүгедектігі бар жандардың кедергісіз дауыс беруі үшін жағдай жасалған. Мүгедектігі бар азаматтар үйде өз таңдауын жасау үшін бүгін сағат 12-ге дейін өтініш беріп үлгеруі шарт. Сонымен қатар бүгін инватакси тегін қызмет көрсетеді. Дауыс беру учаскелерінің барлығы аудио, видео құрылғылармен жабдықталған. Жалпы 474 учаскелік комиссия жұмыс істеп тұр.