Үлкен ауылының тұрғындары өз таңдауын жасады

Алматы облысындағы Үлкен ауылының тұрғындары референдумға белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Елді мекендегі №332 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып жасы 90-ға таяп қалған Фарида Побенко мен 70 жастағы зейнеткер Иван Шелипов келді. Олардың ізін ала өз өмірлерінде алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болған 19 азамат бюллетень алып, өз таңдау жасады. Жергілікті тұрғындар бұл күнді ауылдың болашағы шешілер күн деп есептейтінін айтып жатыр. Үлкен ауылында 1093 дауыс беруші тіркелген. Алматы облысы бойынша барлығы 643 учаскелік референдум комиссиясы жасақталып, жұмыс істеп жатыр. Оның біреуі облыстық, 11-і аумақтық комиссия екенін айта кетейік. Бұл өңірінде референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны – 994 367 адам.

Әлия Үкібаева, Үлкен ауылындағы №332 референдум учаскесінің төрағасы:

- Референдум учаскесі сағат 6.00-де ашылды. Сағат 07.00-де дауыс беру басталды. Үйден дауыс берушілер саны 4 өтініш түсті. Ауыл тұрғындары белсенділік танытуда. Әлі ешқандай құқықбұзушылық орын алған жоқ қазіргі таңда.

Роза Төлебаева, Үлкен ауылының тұрғыны:

- Халқымыз, осы еліміз көркейсе, жеріміз көркейсе деген басты мақсатымыз бар. Халықтың әл-ауқаты жақсарса деген ойдамыз. Халық бірауыздан атсалысып, өзінің ойын ашық айтады деген ойдамын. Таңдауымды жасадым.