Қызылорда облысында 380 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр

Қызылорда облысында 380 дауыс беру учаскесі жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.

Оның 254-і аудандарда болса, қалғаны қала аумағынан ашылды.

Солардың бірінен арна тілшісі Нұрлан Жақыпбеков тікелей байланысқа шықты.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Біз қазір №207 референдум учаскесіндеміз. Мұнда тұрғындардың лек-легімен келіп, таңдау жасап жатқанын көруге болады. Әсіресе, егде жастағы кісілер таңертеңнен мына мөлдір жәшікке бюллетень тастап жатыр. 18 жасқа толып, бірінші рет саяси науқанда дауыс беріп жатқан жастар да аз емес. Бұл учаскеде қанша адам тіркелген және олардың белсенділігі қандай деген сұрақты осындағы учаскелік комиссия төрағасы Әлия Досмахановаға қойған едік.

Әлия Досмаханова, № 207 дауыс беру учаскесінің төрағасы:

- Бізде 2283 адам тіркелген.. Мүгедектігі бар 16 адам бар. Олар үшін біз Брайль шрифтімен және аудиороликтермен жасалған бюллетеньдер дайындадық. Сондай-ақ үйде дауыс беруге мүмкіндік жасалады. Дауыс беру барысында заң бұзу деректері тіркелген жоқ.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Облыс орталығында 126 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 27-сі жабық учаске. Яғни, аурухана, әскери бөлімдер, вахталық қалашықтар сияқты нысандар. Мүгедектігі бар жандардың дауыс беру орындарына келіп-кетуі ыңғайлы болу үшін 45 инватакси мен 48 сурдоаудармашы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар арнайы колл-орталық жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, өңірде 492 381 адам референдумға қатысу құқығына ие.