БҚО-да дауыс берушілердің белсенділігі жоғары

Батыс Қазақстан облысында 444 428 азаматтың бүгінгі референдумға қатысып, елдің ертеңіне қатысты маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруге құқығы бар, деп хабарлайды 24kz.

Олар өңірдегі 496 дауыс беру учаскесінде дауыс бере алады. Референдум учаскелерінің 366-ы ауданда, 130-ы облыс орталығында орналасқан.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Орал педагогикалық колледжінің бірінші курс студенті Ақнұр Досқалидың бүгін туған күні. 18-ге толып, алғаш рет дауыс берді. Референдумға қатысып, елдің ертеңгі дамуына қатысты өз ұстанымын білдіру үлкен жауапкершілік екенін айтады.

Ақнұр Досқали, студент:

- Қазақ елінің азаматшасы ретінде алғаш дауыс беруге келіп жатырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, елімізде әр азаматтың өз елімнің дамуы, көркеюіне үлес қосуға мүмкіндік пен таңдау береді. Алдағы уақытта болып жатқан істерге жауапкершілікпен қараймын. 

Облыста 496 дауыс беру учаскесі болса, соның 130-ы Орал қаласында орналасқан. Сағат 7-де олардың бәрі де есігін айқара ашты. Есмағұл Қазиев референдумға таңмен таласа тұрып келген еді. Бірінші дауыс беруші ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.

Есмағұл Қазиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Рахмет көп-көп мына сыйлықтарыңызға! Біз ол туралы ойлаған жоқпыз. Біздің ойлайтынымыз бір-ақ нәрсе ғой, балаларымыздың болашағын ойлаймыз, немерелеріміз, артымыздағы ұрпағымыздың амандығы, еліміздің көркеюі. 

Алтынгүл Қайырлиева, №268 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы:

- Дауыс берушілердің бүгінгі референдумдағы белсенділігі өте жақсы деп ойлаймын. Таңертеңнен бері кісілер келіп жатыр. 500-ші, 1000-шы, 700-ші келген дауыс берушілерге, сонымен қатар отбасымен түгел келген дауыс берушіге, егде жастағы дауыс берушіге, сонымен бірге 18 жасқа толған ең бірінші дауыс берушіге арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Облыста 444 мың 428 азамат дауыс беру құқығына ие. Оның 2208-і ерекше қажеттіліктері бар жандар. Олар үшін инватакси мен сурдоаудармашылар қызметі де ұйымдастырылған.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов