Ақтөбеде бірінші болып дауыс берген азамат естелік сыйлық алды
Ақтөбеде бірінші болып Оразғали Шермағанбетов есімді тұрғын дауыс берді, деп хабарлайды 24kz.
Зейнеткер облыс орталығындағы №72 учаскеде өз таңдауын жасады. Референдум комиссиясы белсенділік танытып, елден бұрын таңдауын жасаған қала тұрғынына естелік сыйлық тарту етті. Жалпы бұл жерге 1992 дауыс беруші тіркелген. Олардың 18-і кәмелет жасына биыл ғана толып, алғаш рет саяси науқанға қатысқалы отыр. Сегізінші шағынаудан тұрғындарын қамтитын учаскеде түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер атынан он байқаушы тіркелді. Дауыс беру учаскесіне бірінші қадам басқан Оразғали Шермағанбетов Қазақстанның әрбір азаматы референдумға қатысып, өз ойын білдіруге міндетті дейді.
Оразғали Шермағанбетов, қала тұрғыны:
- Елімізде өткен саяси науқандарға әрдайым белсенді қатысып келемін. Бүгін де Конституциялық құқымды пайдаланып, дауыс беруге келдім. Бұл біздің азаматтық борыш деп есептеймін.