Үлкен ауылының тұрғындары референдумға белсенді қатысып жатыр
Алматы облысындағы Үлкен ауылының тұрғындары да конституциялық құқықтарын пайдаланып, ел үшін аса маңызды шешім қабылданатын жалпыұлттық референдум күнінде өз таңдауын жасап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Облыс аумағындағы 9-шы әскери бөлімде орналасқан дауыс беру учаскелері заңнамада көрсетілген тәртіппен таңғы сағат 6-дан жұмыс істей бастады. Ал қалған учаскелерге дауыс берушілер таңғы 7-ден келіп жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Өңіріміздегі барлық аудандар мен қалаларда дауыс беру барысы қызу жүріп жатыр. Өйткені тұрғындар бүгін еліміз үшін аса маңызды шешім қабылданатынын және бұл науқанда әркімнің даусы маңызды екенін жақсы түсінеді. Үлкен ауылы тұрғындарының референдумға қатысу белсенділігі өте жоғары. Дауыс беру учаскесі ашыла салысымен мұнда өз өмірінде алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болған 19 азамат келіп, өз таңдауын жасады.
Блиц 1:
- Мен де Отан алдындағы борышымды өтеп, дауыс беруге келдім. Даусымды бердім. Мен ойлаймын, бұл күні әркімнің даусы маңызды.
Блиц 2:
- Мен өз таңдауымды жасадым, әрине. Өйткені бұл халық көп жиналып келіп жатыр. Ал енді қазіргі таңда бұл біздің балаларымыздың келешегі. Біздің ұрпақтарымыз келешекте қиналмасын, жарық болсын!
Блиц 3:
- Халқымыз, осы еліміз көркейсе, жеріміз көркейсе деген басты мақсатымыз бар. Халықтың әл-ауқаты жақсарса деген ойдамыз. Халық бірауыздан атсалысып, өзінің ойын ашық айтады деген ойдамын. Таңдауымды жасадым.
Мен референдумға қатысуды еліміздің болашағына тікелей әсер ету үшін берілген мүмкіндік деп білемін. Өз құқығымды пайдаланып, дауыс бере алғаныма қуаныштымын. Өзгерістерді қаласақ, мүдделеріміз ескерілсін десек, осындай шараларға қалмай қатысуымыз керек.
Алматы облысы бойынша барлығы 643 учаскелік референдум комиссиясы жасақталды. Оның біреуі облыстық, 11-і аумақтық комиссия екенін айта кетейік. Алматы облысында референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 994 367 адам болса, түске дейін соның басым бөлігі дауыс беріп үлгерді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов