Қызылорда облысында 103 жастағы майдангер дауыс берді
Қызылорда облысында 103 жастағы майдангер референдум учаскесіне алғаш болып келіп дауыс берді, деп хабарлайды 24kz.
Ғасыр жасаған Яхия Тасыров Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде тұрады. Қарт жауынгер: «азаматтық құқымды пайдаланып, маңызды оқиғадан қалыс қалмау – басты ұстанымым», - дейді.
Қызылорда облысындағы санаулы ғана соғыс ардагерінің бірі – Яхия Тасыров Тереңөзек кентіндегі №155 референдум учаскесіне тіркелген. Алғашқылардың бірі болып бюллетень алған майдангер өз таңдауын жасады. «Еліміздің келешегі үшін маңызды оқиғалардан қалыс қалған емеспін. Бұл жолы да азаматтық міндетімді орындай отырып, жастарға үлгі көрсетуді жөн санадым», - дейді қария. Көргені мен түйгені мол қарт жауынгер референдумның сәтті өтуіне тілек білдіріп, бата берді.
Яхия Тасыров, соғыс ардагері:
- Мұндай сәтте әрбір дауыс маңызды. Оны пайдалану арқылы еліміздің ертеңін қалыптастыруға ықпал ете аламыз. Сондықтан осы жолы да референдумға ерте келдім.
Жалпы бүгін Қызылорда облысында 380 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. «Майдангер дауыс берген №155 учаскеде қарттар мен мүгедектігі бар жандарға тиісті талапқа сай жағдай жасалды», - дейді учаскелік комиссия төрағасы.
Гүлзада Мұрзабекова, № 155 дауыс беру учаскесінің төрағасы:
- Жалпы дауыс берушілер – 2185. Оның ішінде 12-сі үйден дауыс беретіндер. Инватаксилер жұмыс жасауда.
Айта кетейік, референдум күні облыс бойынша 45 инватакси мен 48 сурдоаудармашы қызмет көрсетуде.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев