Қостанай облысында халықтың 44,04%-ы өз таңдауын жасады

Қостанай облысында 541 965 адам дауыс беру құқына ие, деп хабарлайды 24kz.

Сағат 12:00-де келіп түскен мәліметке қарағанда, соның 44,04%-ы өз таңдауын жасаған. Ұжым болып, отбасымен келіп дауыс беріп жатқандар бар. Учаскелерде оларға ерекше құрмет көрсетіліп, балаларға тәтті тағамдар ұсынылды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанайдағы №3 референдум учаскесінде таңертеңнен бері тамаша көңіл-күй. Аулада шағын жәрмеңке, өнерпаздардың орындауында ән әуелеп, күй қалықтап тұр. Балалар аниматорлармен ойнап мәре-сәре.

Бұл учаскеде алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Құмар Ақсақалов дауыс берді. Комиссия мүшелері халықтың белсенділігі әсіресе таңғы сағат 7-ден 9 аралығында байқалғандығын айтады. Зейнеткер Ағын Байтекенова баға-шағасы, немерелерімен келіпті. Үлкен отбасын комиссия мүшелері құрметпен қарсы алып, кішкентайларға тәттілер ұсынды.

Ағын Байтекенова, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Бәрі де мерекелік көңіл-күймен келді. Бәрі де ұнады. Ұйымдастырушыларға рахмет, өте тамаша. Референдумға қатысқаныма қуаныштымын. Қазақстанымыз гүлденіп, жайнай берсін. Ойлаған мақсаттарымызға жақсылықпен жете берейік.

Бұл учаскеде 1450 адам тіркелген. Жиырма төрт мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың денсаулық жағдайы ескеріліп, электронды дыбыстық тыңдау қондырғылары орнатылған. Ал сырқатына байланысты келе алмайтындардың үйлеріне барып, дауыстарын жинайды.

Гүлһауан Әмірова, учаскелік комиссия мүшесі:

- Алдын ала хабарландыру жеткізіліп, ол кісілерден өтініштер алынған. Қазіргі кезде үш сайлаушыдан арыз алынды. Оған біздің комиссия мүшелері барып, /скл/ дауыстарын алып келетін болады.

Көпшілік бүгінгі референдумды Президентіміз айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асып жатқандығының айқын дәлелі деп біледі.

Ғаиния Есеева, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Әр азамат біледі өзінің алдында қандай борыш тұрғанын. Өйткені бұл рефендум деген - демократияның негізгі маңызды инструменттерінің бірі ғой. Халық өз таңдауы арқылы жаңағы дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

Жалпы Қостанай облысы бойынша 736 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек азаматтардың уақытша орналасқан жері бойынша 17 учаске ашылған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров