БҚО-да жас өнерпаздар дауыс беру учаскелерінде өнер көрсетуде

Референдум учаскесіне келген батысқазақстандықтарды әжелер ансамблінің мүшелері шашу шашып қарсы алса, өнерпаз жастар ән-күймен көптің көңілін көтеруде, деп хабарлайды 24kz.

Отбасымен дауыс бергендер мен аға буын өкілдері де сый-сияпатсыз қалған жоқ.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жаһанша Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледждің саз кафедрасының шәкірттері таңғы 9-дан бері тұрғындарды ән-күймен қарсы алуда. «Елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын осы бір айтулы күні көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді», - дейді жастар.

Мәдина Сағидуллина, колледждің 4-курс студенті:

- Әрбір қала тұрғынына жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатында осылай оркестрмен қарсылап отырған жайымыз бар. Келген кісілер назарларын аударып, видео түсіріп, күліп ішке қарай кіріп жатыр. Шыққан уақытта да бәрі тамаша көңіл күймен.

Самал Қайрошева, қала тұрғыны:

- Отбасымызбен дауыс беруге келдік. Келген кезде осылай керемет көңіл-күймен қарсы алып жатыр. Бізге ұнады. Баршаңызды осы дауыс беруге шақырамын.

Ал №36 мектептегі референдум учаскесіне келгендерді әжелер ансамблінің мүшелері шашумен қарсы алды. Жалпы облыста 496 референдум учаскесі болса, соның 130-ы облыс орталығында орналасқан. Дауыс беру барысын 1812 байқаушы бақылауда.

Шерхан Бисенғали, байқаушы:

- Таңғы 6-дан №268 учаскеде байқаушы міндетін атқарып жатырмын. Дауыс беур басталғалы адамдар өте көп белсенді, жастар да, қарттар да келіп жатыр. Отбасымен келіп жатқандар бар. Жалпы дауыс беру ешқандай құқық бұзусыз өтіп жатыр.

«Елдің болашағына қатысты таңдау жасауда тұрғындардың белсенділігі қуантады», - дейді байқаушылар. Облыста 444 428 азамат бүгінгі референдумда дауыс беру құқығына ие.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов