Мақаншыда «Дедімай-ау» әжелер ансамблі дауыс берді

Абай облысының Мақаншы ауданында «Дедімай-ау» ансамбілінің әжелері дауыс берді, деп хабарлайды 24kz.

Референдумның жауапкершілігін сезінген мақаншылықтар күздің жайма шуақ күндеріндей көңілді. Референдум күні жасы да, кәрісі де дауыс беру учаскелеріне ағылған.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Мақаншы ауылындағы № 452 дауыс беру учаскесінің алды халықтық мерекеге айналғандай, ауылдағы «Дедімай-ау» әжелер ансамблі ұлттық нақышта киініп келген. «Еліміздің ертеңі үшін дауыс бердік», - дейді әнші әжелер.

Айман Байбатырқызы, «Дедімай-ау» әжелер ансамблінің мүшесі:

- Жаңадан құрылған Мақаншымыздың шоқтығы биік болсын. Алда келе жатқан бала шағамның игілігі үшін, жақсылығы үшін өзімнің дауысымды беру маған міндет деп ойлаймын.

Аталған ансамбль ұжымы – ауылдың ұйықтысы. Олардың репертуарларында қазақтың халық әндері көп. Әрбір мерекелік шарада көптің көңілін көтеріп, өнерлерін паш етіп жүр. Жалпы Мақаншыда 29 учаске жұмыс істеп тұр. 17 мыңнан астам адам дауыс береді.

Күлпан Базарова, «ДЕдімай-ау» әжелер ансамблінің мүшесі:

- Осы референдумға халқымыздың игілігі үшін, Қазақстанымыздың экономикасының мүмкіншілігіне қарай дамуы үшін келіп дауыс бердік.

Ел болашағына бей-жай қарамайтын жұрт келіп, дауыстарын беріп жатыр. Олардың арасында жастар да бар. Данара Асқарбекова жақында 18 жасқа толғанын айтады. Бүгін алғашқылардың бірі болып дауыс беріп,сыйлық алды.

Данара Асқарбекова, Семей қаласының тұрғыны:

- Үйдегілерге апарып беремін. Мен өзім негізінен Ақсуат ауылынан келгенмін. Күні кеше ғана ата-анам келді. Сол кісілер үйге қайтқалы жатыр. Бүгін енді жаңалығыммен бөлісіп тәттілерімді апарып беремін.

Референдум учаскесіне таңмен таласа келіп дауыс берген әжелер береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Әні мен сәні жарасып, әлеуметтің көңілін көтерді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы