Ұзынбұлақ ауылында бір әулеттің бес буынының өкілдері өз таңдауын жасады
Егемендік алғалы елде 3 маңызды референдум өткен еді. Бүгінгінің де жөні бөлек.
Елдің энергетикалық тәуелсіздігі, әлбетте, қазақстандықтарды алаңдатады. Сондықтан болар, жас та, жасамыс та белсенді. Мәселен, Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылында бір әулеттің бес буынының өкілдері өз таңдауын жасады. Алды 103 жастағы Күлпара Шортанова, оның 80-ді алқымдаған ұлы Марат бар, 50 жастағы немересі Олжас та келген, 25-тегі шөбересі Бейбіт те дәстүрден жаңылмай, дауыс берді. Кәмелеттік жасқа енді толған Марал да әжесінің батасын алып, өміріндегі маңызды таңдауын жасады.
Жастардың жанарында от бар
Танымал кино кейіпкерлері де дауыс беру учаскелеріне жетіпті. Бұл астаналық жастардың саяси науқанға шығармашылық дем беруі. Әлеуметтік желіде тараған осы бейнеролиК Қолданушылардың көңілін көтергені рас. Сұлу да сымбатты қыз-жігіттердің таңдауы ел ертеңіне қалай да әсер етеді. Түрлі түсті киім киіп, түрлі образда учаске аралаған жастардың жалыны референдум жайлы жақсы естелік қалдырары сөзсіз.
Дауыс беру учаскесінде ым тілінде әнұран шырқалды
Ал Алматының Түрксіб ауданындағы дауыс беру учаскесінде еліміздің әнұраны ым тілінде шырқалды. Бұған қазақ саңыраулар қоғамы мен жергілікті әкімдік ұйытқы болған. Есту қабілеті нашар азаматтардың патриоттық көңіл күйін көтеруге бағытталған мақсат орындалды. Бұл ғана емес, қаладағы барлық учаскеде 76 сурдоаудармашы онлайн режимде жұмыс істеп, дауыс берушілерге таңдау жасауға жәрдемдесіп жүр.
Күнді дауыс беруден бастады
Сергітер душ қабылдап жатқанда, референдум екені еске түскен астаналық келіншек те желі қолданушыларын таң қалдырды. Басына орамал орап, ақ халатын іле салған қала тұрғыны конституциялық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасады. Күнін кофеден емес, дауыс беруден бастаған астаналық ару көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлады.
Әжелер шашу шашты
Референдум елді ұйыстырады. Алматы облысы Үлкен ауылының қариялары саяси шараға мерекелік ауан қосып, маңызын еселеді. Ұлттық киім киген ақ жаулықты әжелер дауыс беру рәсімін шашу шашудан бастады. Өз таңдауын жасаған алғашқы тұрғынның жасы 90-нан асқан. Үлкен ауылында бас-аяғы 1 093 сайлаушы тіркеліпті.