Шымкентте дауыс берушілердің белсенділігі жоғары

Бұл референдумда Шымкент тұрғындары да өз таңдауын жасауда белсенділік танытуда.

Аймақта барлығы 344 дауыс беру учаскесі жасақталып, 660 мыңнан астам азаматқа конституциялық құқығын білдіруге шақырту жіберілген. Таңнан бері қарапайым тұрғыннан бастап, қоғам белсенділері, спортшылар мен мәдениет мамандары да елдің келешегіне әсер ететін шешуші сәтке бейжай қарап жатқан жоқ.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қала жұртшылығы қай кезде де саяси науқанда білсенділік танытып келеді. Осы сағатта тұрғындардың басым бөлігі азаматтық борышын өтеп үлгерді. Ел ертеңіне сеніммен қарайтын халық шешуші сәтте өз даусының маңызды екенін атап өтті.

Қала билігінің мәлімдеуінше, бүгін қоғамдық автобустарда жолаушылар тегін қатынай алады. Ал оларды дауыс беруге шақыру мақсатында учаскелердің аумағында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда леңгі тебу, асық атудан сайыс өткізіліп, ұлттық ойындар ұлықталды. 

Сонымен қатар азық-түлік пен кондитерлік өнімдер жәрмеңкесі өткізілді. Ал мәдени ошақ қызметкерлері өз учаскесіне оюмен өрнектелген киім үлгісімен келуді ұйғарды. Ал театр әртістері қазақтың кемеңгер перзенттері үш бидің образын сомадап, учаскелерді аралап жүр.

Мұхтархан Ділдәбеков, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті: 

- Референдум дамыған мемлекеттерде халықпен билік арасындағы байланыс. Барлықтарыңыз учаскелеріңізге келіп, өз таңдауларыңызды келіп белгілегендеріңіз дұрыс. Бүгін біз учаскеміздің алдына келіп, өзіміз спортшы болғандықтан ұлттық ойынымызды дәріптеп жатқан жайымыз бар.

 

Еркін Шымырқұлов, ҚР мәдениет қайраткері:

 

- Қазір елімізде үлкен науқан. Бүгін мереке. Сондықтан мынау өзіміздің ұлттық киімімізбен келіп, бір кісідей дауыс беріп жатырмыз.

 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

 

- Қала тұрғындарының 660 мың 563-і дауыс беру құқығына ие. Бұл өткен саяси науқанмен салыстырғанда 21 мың адамға көп. Жалпы қалада 344 дауыс беру учаскесі кешкі 20:00 дейін жұмыс істейді. Ал аурухана, тергеу изоляторы мен әскери бөлімде тіркелген азаматтар толық дауыс беріп үлгерсе уақытынан бұрын жабылуы мүмкін.