Еліміздің ең қарт тұрғыны дауыс берді

Дауыс беру учаскелерінде қызық көп. Бірқатары әлеуметтік желіде талқыланып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Референдумда дауыс беріп, өз таңдауын жасауға асығып жатқандар көп. Таяуда ғана еліміздегі ең қарт адам ретінде танылған Түймегүл Темірбаева да дауыс берді. 114 жастағы Ұлытау облысының тұрғынына жылжымалы дауыс беру жәшігі жеткізілген. Қария ел үшін маңызды шешім қабылданатынын біледі. «Демек, әрқайсымыздың даусымыз маңызды», дейді.

Иә, қариялар қоғамның тұтастығы, елдің бірлігі мен берекесінің берік ұйытқысы. Азаматтық борышын өтеп, ел үшін маңызды референдумда дауыс беруі де жастарға үлгі. Әсіресе, шымкенттік қариялардың белсенділігін ескермей өтуге болмас. Би болмысты ақсақалдар өз таңдауын жасады.

Алматылық сұлулық байқауының жеңімпаздары ел үшін маңызды шешімнен қалыс қалмады. Әсем тәжін киген Сабина Ыдырысова, Мадина Әлмұханова және Эльдана Сауранбаева көпшілікті келбетімен ғана емес, азаматтық борышына адалдық танытуымен де тәнті етті.

Ал атыраулықтарды байкерлер таңғалдырды. Қос дөңгелекті көлік жүргізушілері азаматтық тұрғыда да белсенді. Дауыс беру учаскелеріне жиналған азаматтар еліміз үшін маңызды науқаннан шет қалмады.

Дауыс берушілердің болмысы да, бітімі бір бөлек. Тіпті ерек деуге болады. Алматылық батыр тұлғалы азаматтар көпке үлгі болып, мекенжайына қарасты учаскелерге келген. Өз таңдауын жасады, өзге дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Себебі бұл ешкім күтпеген тосын сый ед. Осылайша, ұйымдастырушылар көшпенділер әлеміне, оның ішінде Ұлы дала рухына енуге мүмкіндік жасады.

Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданында референдум жәрмеңкеге ұласты. Онда қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарын паш етті. Меймандар, яғни дауыс берушілер қонақжайлылықтан кенде қалмады. Бауырсақ пен ыстық шайдан ауыз тиді.