Өскеменде exit poll мүшелері сауалнама жүргізіп жатыр
Өскеменде exit poll мүшелері референдумға қатысқан азаматтар арасында сауалнама жүргізуде.
Таңнан бері учаске алдында тұрған олар дауыс беріп шыққан тұрғындарға тиісті сұрақтарын қойып, пікірлерін біліп жатыр. Айтуларынша, сауалнамаға қатысқан әр адамның аты-жөні де, жауабы да құпия сақталады. Exit poll мүшелері жан-жақтан жиналған жай адамдар емес. Олар осы қызмет үшін алдын ала арнайы семинарларға қатысқан тәжірибелі мамандар. Жалпы өңірде бүгін 538 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік зерттеушілер жүргізген сауалнама шалғайдағы ауыл-аймақ тұрғындарын да қамтиды.
Мәдина Тамчинова, "Социс-а" кешенді әлеуметтік зерттеу институтының қызметкері:
- Біз сауалнаманы арнайы методикаға сүйеніп жүргіземіз. Референдум учаскелерін де алдын ала саралап таңдаймыз. Барлығының шынайы болуын назарға аламыз. Сауалнамаға қатысушылар туралы мәлімет құпия сақталады. Бұл зерттеу шаралары Өскеменде, сонымен қатар бірнеше шалғай ауданда жүргізіліп жатыр.