Алматыда референдум күні 100 инватакси қызмет көрсетті

Бүгін Алматыда мүгедектігі бар жандардың дауыс беруіне барынша жағдай жасалды.

Таңғы 07:00-ден бастап, рефрендум аяқталғанша инватакси қызмет көрсетті. Алтын той иелері де маңызды күнді дауыс беруден бастады. Жалпы мегаполисте 624 референдум учаскесі жұмыс істеді.

Кез келген адам өз ұстанымын білдіре алады. Бүгін осы конституциялық құқын мүмкіндігі шектеулі жандар да пайдаланды. Олар үшін Алматыда 100 инватакси қызмет көрсетті. Арнайы техника олардың дауыс беру орындарына жылдам әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз етті. Одан бөлек референдум учаскелерінде сурдоаудармашылар онлайн режимде жұмыс істеді.   

Меруерт Құлахметова, «Кедергісіз KZ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Инватаксидің болғаны өте дұрыс, себебі мүгедектігі бар тұлғалар өзінің тең құқылы құқығын қолданып, осы референдумға келіп жатырмыз. Иә, инватаксидің арқасында деп айтсам болады. Әрине, қолжетімді орта болып жатса барлық жақтан ол да өте ыңғайлы.

50 жыл отасқан Көбесовтер отбасы алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Ерлі-зайыптылар отбасы мемлекеттің тірегі деп санайды. Учаскелік референдум комиссиясының мүшелері алтын той иелеріне естелік сыйлық табыстады.  

Бейсенхан Көбесов, қала тұрғыны:

- Өмірімізге өте ризамыз, өйткені екі бала өсірдік екеуміз. Жеті немере, бір шөбере көріп отырмыз. Бақытты жандардың біріміз деп есептейміз. Халқымыз өркендей берсін, еліміздің іргесі тыныш болсын.

Қоғам қайраткерлерімен бірге өнер адамдары да өз таңдауын жасады. Солардың бірі – әнші Нұрлан Абдуллин.   

Нұрлан Абдуллин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Менің ойымша, елдің бірлігі біздің қолымызда. Бүгін қала тұрғындары келіп дауыс беріп, өздерінің пікірін білдіріп жатыр. Бұл – еліміздің және біздің ұрпақтың болашағы үшін шешуші сәт.

Ұлттық киім киіп, ту көтерген алматылық батырлар Ұлы дала рухын еске салды. Өздері де дауыс беріп, көпшілікпен суретке түсті. Референдум күні қалада 624 учаске жұмыс істеді. Маңызды шараның өтуін қазақсқтандық және халықаралық байқаушыларда қадағалады.

 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев