Маңғыстауда 435 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы
Маңғыстау жұртшылығының 55 пайызы өз таңдауын жасады.
Жалпы аймақта 250 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Соның 85-і Ақтауда, 39 учаске Жаңаөзен қаласында, қалғандары бес ауданда орналасқан. Осы өңірде тұратын 435 мың 162 адам референдум күні дауыс беруге құқылы. Дауыс беру учаскесінде тұрғындардың белсенділігі қалай?
Талғат Исламұлы, тілші:
- Қазір біз 17-шағын ауданда биыл қолданысқа берілген оқушылар сарайындамыз. №62 учаскеде тұрмыз. Бұл жерде таңғы жетіден бастап тағы екі референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Әрқайсына тұрғылықты мекенжайы бойынша екі мыңдай дауыс беруші тіркелген. Сондықтан мұнда күні бойы келушілер аз болған жоқ. Ғимарат алдында концерт болып, тауар өндірушілердің өнімдері қойылған жәрмеңке өтіп жатыр. Ата-анасы дауыс бергенше балалардың алаңсыз ойнауы үшін арнайы алаңқай жасақталған. Жалпыұлттық референдумда өз таңдауын жасағандар арасында бір үйдің сүттей ұйыған 9 келіні, Маңғыстауға Тай елінен келін түсірген азамат, әскери қызметте жүрген үшем сарбаз, дауыс беру учаскесіне Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин секілді «Алаш арыстары» кейпінде келген музыкалық-драма театр әртістері секілді ерекше тұрғындар болды. Ендігі кезек олардың пікірін тыңдайық.
Қайрат Еркебаев, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрдың артисі:
- Бұл дегеніміз - еліміз үшін, болашағымыз үшін үлкен бір жауапкершілік. Біздің елімізде демократиялық, зайырлы қоғам болғаннан кейін әр адамның дауысы бізде маңызды. Сондықтан да «Алаш орда» үкіметінің, алаш арыстары болып кейпіне еніп келуімізде соның бір айғағы деп білем.
Бекарыс Зекенов, әскери қызметші:
- Әрбір саяси науқанды құр жібермейміз. Және міндетті түрде келіп, дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз еліміздің болашағы үшін әрдайым маңызды.
Мирас Арслан, жоғары оқу орнының студенті /Таиланд/:
Өз позициямды білдіріп, дауыс беруге келдім. Референдумда қазақтың әр азаматы келіп, дауыс беруге лайықты. Өзімнің жарымды дауыс беруге алып келдім.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жалпы қоғамдық маңызды шараны өткізуге Маңғыстау облысы бойынша 1700-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Қазір менің жанымда №62 учаскенің төрағасы Нұрсұлу Сейдалиева тұр. Сізге тапсырылған учаскеде таңнан бері қанша адам дауыс берді?
Нұрсұлу Сейдалиева, №62 дауыс беру учаскесінің төрағасы:
Талғат Исламұлы, тілші:
- Маңғыстаулықтардың референдумға дауыс беру тәртібінің сақталуын 6 қоғамдық бірлестік өкілі, халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар бақылайды. Айта кетсек, облыста 250 дауыс беру учаскесінің 238-і халықпен тікелей жұмыс істейді. Ал 12 жабық РЕФЕРЕНДУМ учаскесінде ауысым қызметкерлері, тергеу изоляторында отырғандар және ауруханада емделіп жатқан адамдар дауыс беруде. Сондай-ақ, мүгедектігі бар 2923 тұрғынға арнайы бөлмелер дайындалды. Олар дауыс беру учаскелеріне инватакси көлігімен қатынап жатыр.