Мүмкіндігі шектеулі азаматтар таңдау жасады
Ерекше күтімді қажет ететін ел азаматтары да бүгінгі саяси науқаннан шет қалған жоқ.
Олардың еш қиындықсыз дауыс беруіне жағдай жасалып, әр өңірде инватакси қызметтері ұйымдастырылды. Әрі көру қабілеті нашар жандар брайль жазуымен дауыс берсе, кей аймақтарда әлеуметтік қызметкерлер үй-үйді аралап, мүмкіндігі шектеулі жандардың азаматтық борышын өтеуіне жәрдемдесті.
Референдум - жалпыұлттық науқан. Демек, еліміздің әрбір азаматының дауысы маңызды. Бүгінгі саяси шарадан мүмкіндігі шектеулі жандар да қалыс қалған жоқ. Әрбір өңірде олардың еш қиындықсыз таңдау жасауына инватакси қызмет көрсетті. Мәселен, Астанада барлық дауыс беру орындарында мүгедектігі бар азаматтар үшін 66 көлік жұмыс істеді. Референдум учаскесінде де қосымша қажетті аудио құралдары мен бейнежазба аппараттары бар.
Әсемгүл Әбдірахманова, әлеуметтік қызметкер:
- Маған бәрі ұнады. Мені ұйымдастырушылар қарсы алды. Арнайы батырма да, пандус та қарастырылған екен және инватаксидің ұйымдастырылғаны үлкен мүмкіндік. Референдумға қатысу – әр адамға азаматтық парыз. Мен де көптен қалмай, борышымды өтегеніме қуанып тұрмын.
Көру қабілеті нашар атыраулық Рустам Шамбузов өз таңдауын Брайль қарпінің көмегімен жасады. Облыста ерекше қажеттілігі бар 4661 адам тіркелген екен. Оның 3 мыңнан астамы көру қабілетінен мүлде айырылған. Референдум учаскелерінде мүмкінді шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай қарастырылған. Арбаға таңылғандарға учаскеге көтерілетін пандустар, көруі нашар жандар үшін арнайы бедерлі жолақ тартылған.
Рустам Шамбузов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Зағиптар қоғамының мүшесімін. Мен өз учаскеме келіп тұрмын. Еш кедергісіз даусымды бердім. Мен мектепте оқып бітірдім. Брайль жүйесін РФ, Астрахан қаласында оқыдым. Енді айтар болсам, барлық мүмкіндіктер жасалған. Көптен көп рахмет деп айтам.
Ал Қарағанды облысында 650 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Оларда 761 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 4 мыңнан астам мүгедектігі бар жандар тіркелген. Есту қабілеті нашар адамдар құлаққабы бар ноутбуктан қажетті ақпаратты тыңдай алады. Сондай-ақ, сурдоаударма қызметі де көрсетіледі. Қарағанды қаласына қарасты Пришахтинск елді мекенінің тұрғыны, 1-ші топтағы мүгедек Ольга Лингерт бүгін №110 референдум учаскесіне келіп өзінің азаматтық таңдауын жасады.
Ольга Лингерт, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Әр адам еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне бейжай қарамауы тіис. Мен сол себепті келіп өзімнің таңдауымды жасадым. Мұнда мүгедектігі бар жандар үшін барлық жағдай жасалған. Брайль әрпінің көмегімен бюллетенді толтырдым.
Ал халықаралық байқаушылар әр дауыс беру учаскесінде мүгедектігі бар жандарға ерекше жағдай жасалғанын айырықша бағалап отыр.
Иракли Хорбаладзе, халықаралық байқаушы:
- Таңертеңнен бері 4-5 дауыс беру учаскесін аралап шықтым. Барлық адамға бірдей жағдай жасалғаны қуантады. Дауыс беру өте белсенді. Бірнеше елдің саяси науқандарында осыған дейін байқаушы ретінде қатысқанмын. Әр елде мұндай науқанға көзқарас әртүрлі. Қазақстанда отбасымен, бала-шаға, туыстарымен келіп таңдау жасап жатқандарды көрдім.
Жалпы Республика бойынша референдумға қатысатын азаматтардың 77 мың 759 - мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың еш кедергісіз дауыс беруі заңмен реттелген.
Авторы: Айғаным Достанбай