Мүгедектігі бар 2160 дауыс берушіге қолайлы жағдай жасалды
Шығыс Қазақстан облысында референдумға қатысу үшін 2160 ерекше қажеттілігі бар жанға қолайлы жағдай жасалды.
Үйден дауыс берем дегендердің бәріне арнайы жәшік жеткізілді. Ал жүріп-тұруы қиын болса да, учаскеге келемін деушілер үшін инватакси қызмет көрсетті. Илья Смоляковтың көзі нашар көреді. Десе де кезінде өзі оқыған мектепте ашылған учаскеге келіп дауыс берді. Айтуынша, ешқандай кедергі болмаған. Арбаға таңылғандар үшін де, көзі көрмейтін адамдар үшін де қажетті жабдықтар қойылып толық мүмкіндік қарастырылды, дейді. Жалпы облыста 33 учаскеде Брайль шрифті берілсе, 117 учаскеде сурдо-аудармашы маман қызмет көрсетті.
Илья Смоляков, қала тұрғыны:
- Мониторда жазулар ірі, толық ақпарат алуға мүмкіндік бар. Трафарет немесе Брайль қарпін қолдануға болады. Кабинка ішінде лупа да болды.Сондықтан ел қатарлы дауыс беріп шықтым.