Батысқазақстандықтар жоғары белсенділік танытты

Бүгінгі референдумда батысқазақстандықтар да белсенділік танытты.

Ауылдық жерде шабандоздар дауыс беруге атпен келсе, қалада байкерлар мотоциклмен жетті. Ал оралдық өнертапқыштар референдумға өздері құрастырған электрлі көлікпен келді. Ассамблея құрамындағы түрлі ұлт өкілдері де маңызды шарадан шет қалмады.

Студенттер мен ұстаздар мына электрокарды құрастыруға бір жарым жыл жұмсады. Көлік сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Шанағына шейін өздері жасап, қуаты 4 киловаттық 2 мотор дөңгелек орнатқан. Салмағы 300 келіден аспайды. Қуат күші тоқтаусыз 240 шақырымға жетеді. Аккумуляторы 2 жарым сағатта толық қалпына келеді. "Осы арқылы жастардың жаңа технологияға қызығушылығын ояттық", - дейді көлік авторлары.
Закир Хамзин, құрастырушы:

- Электр көлігін 2011 жылдан бері құрастырып келеміз. Бұрын дайын мәшинені пайдалансақ, мына техниканы түгелдей өзіміз құрастырдық. Қазір әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Демек заман ағымына сай бейімделіп, зиянды жанармайдан гөрі, қауіпсіз қуат көзіне ауысқанымыз дұрыс. Сондықтан экологияға залалын тигізбейтін қуат көзін қолданушы ретінде бүгін дауыс бердім.

Елдің ертеңі үшін маңызды шешім қабылданар шарадан  оралдық байкерлер қауымы да қалыс қалмады. Мотоцикл, квадроциклдерімен колонна боп тізіліп келіп, бірге дауыс берді.

Илья Кизилов, байкер:

- Біз көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен жерлестерімізге көмектестік. Құм салынған қапшық тасыдық, ауыр жұмыстан қашпадық. Бүгін үлкен таңдау алдында тұрған елдің азаматы ретінде өз таңдауымызды жасадық.

Болашақты белгілер референдумға отандастарымыз, сан түрлі ұлт өкілдері де бір кісідей қатысты. Өз ұстанымдарын білдірді. Мәселен, Оралда ассамблея мүшелері референдум учаскелерін бірге жүріп аралады.

Флюра Миликеева, Татар ұлттық мәдени орталығының жетекшісі:

- Бүгін – менің туған күнім. Бірақ референдум одан да маңызды. Сол себептен әріптестерімізбен бірге дауыс беріп жүрміз.  Біріміз дауыс бергенде өзгелеріміз қолдау танытып күтіп тұрамыз. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деп тілейміз. Сол үшін де өз ұстанымымызды білдіруіміз қажет.

Референдум барысын облыс бойынша 1812 байқаушы бақылады. Олар тұрғындардың белсенділігі жоғары болғанын айтады.

Шерхан Бисенғали, байқаушы:

-Таңғы 06:00-ден №268 учаскеде байқаушы міндетін атқарып жатырмын. Дауыс беру басталғалы адамдар өте белсенді, жастар да, қарттар да келіп жатыр. Отбасымен келіп дауыс беріп жатқандар бар. Жалпы дауыс беру ешқандай құқық бұзусыз өтіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында 496 референдум учаскесі болса, соның 130-ы Оралда орналасты. 

 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов