Қазыналы қариялар референдумда дауыс берді
Елімізде қариялар да референдумнан қалыс қалмады.
Қазыналы қарттарымыз дауыс беру учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. Арасында әжелерден құралған ансамбльдерден бастап, майдангерлерге дейін бар. Тіпті еліміздің ең егде жастағы тұрғыны да саяси науқанда белсенділік танытты.
Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып 103 жастағы майдангер Яхия Тасыров өз таңдауын жасады. Соғыс ардагері азаматтық құқымды пайдаланып, маңызды оқиғадан сырт қалмау басты ұстанымым дейді. Көргені мен түйгені мол қарт жауынгер референдумның сәтті өтуіне тілек білдіріп, батасын берді.
- Сондай-ақ Абай облысындағы “Дедімай-ау” ансамблінің әжелері де саяси науқаннан тыс қалмады. Олардың дауыс беру учаскесіне келгені сол еді айнала құлпырып сала берді. Еліміздің келешегі үшін маңызды оқиғалардан қалыс қалған емеспіз, бұл жолы да азаматтық міндетімізді орындай отырып, жастарға үлгі көрсетуді жөн санадық дейді қариялар.
Айман Байбатырқызы, “Дедімай-ау” әжелер ансамблінің мүшесі:
- Алда келе жатқан бала-шағамыздың игілігі үшін, жақсылығы үшін өз дауысымды беру маған міндет деп ойлаймын.
Одан бөлек таяуда ғана еліміздегі ең қарт адам ретінде танылған Түймегүл Темірбаева да азаматтық міндетін орындады. 114 жастағы Ұлытау облысының тұрғынына жылжымалы дауыс беру жәшігі жеткізілген. Қария ел болашағы үшін үлкен шешім қабылданатынын біледі. Сондықтан әрқайсымыздың дауысымыз маңызды дейді.
Мерей Қанапия