Жетісу жұртшылығы референдумға белсене қатысты
Жетісу облысындағы дауыс берушілердің ең жасы президенттің аттасы Қасым-Жомарт Тоқтасын болды.
Ал қарт тұрғын ретінде 102 жастағы Зейнелхан Оспанова тіркелді. Көптігі жағынан Жақыбаевтар әулетіне тең келер ешкім болмады. Бір әулеттің 33 адамы бірге келіп дауыс берді. Саяси науқанға осындай отбасылармен қатар кәсіпорын ұжымдары, өнерпаздар, қыран баптаған құсбегілер де қатысты.
Ғасырдан аса ғұмыр кешкен Зейнелхан Оспанова Жаркенттегі 322-ші дауыс беру учаскесіне таңғы жетіде келді. 12 құрсақ көтерген кейуана ең бірінші болып өз таңдауын жасады. Көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, көпшілікке ақ батасын арнады.
- Асыл болсын жағаң, күміс болсын бағаң. Керегең кең болсын терезең тең болсын. Әумин.
Көпті көрген көнекөз қарттармен қатар аймақ жастары да өз құқығын пайдаланды. Солардың қатарында Талдықорған тұрғыны Қасым-Жомарт Тоқтасын да бар. Кеше 18-ге толған ол алғаш рет дауыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқтасын, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- ҚР азаматы ретінде өзімнің борышымды орындадым. Менің таңдауым елге пайдасын тигізсе шын қуаныштымын.
Мемлекеттік деңгейдегі маңызы бар саяси науқанға облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты. Өңір басшысы Талдықорғандағы нөмірі 389-дауыс беру учаскесінде азаматтық ұстанымын білдірді.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Бүгін шын мәнінде тарихи маңызы бар күн. Конституцияға сәйкес менде өз құқығымды пайдаланып дауысымды бердім. Өзімнің таңдауымды жасадым.
Референдумда Жақыбаевтар әулеті өздерінің ынтымақ-бірлігін паш етті. Дауыс беруге бірге келген бір атаның балалары көпшіліктің танданысын тудырды. Жалпы Жетісу облысында 463 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Ондағы заңдылықтың сақталуын 1600-ден аса қоғамдық ұйым өкілі бақылады.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов