Биыл 76 қазақстандық сыбайлас жемқорлық жағдайы жайлы хабарлаған

Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлама берген азаматтарға ақшалай сыйақы беріледі.

Биыл 9 айда 76 қазақстандық бармақ басты, көз қысты жағдайлар жайлы хабарлаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға көп. Оның ішінде 43 азаматқа 29 млн теңге қаржылай сыйлық берілген. Сондай-ақ 33 мемлекеттік қызметкер арнайы грамоталармен марапатталған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлайды.

Әлия Дүйсенбиғали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің офицері:  

- Биыл call-орталыққа 20 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 5 мың астам адам сыбайлас жемқорлық бойынша кеңес алған. Ал 572 адам сыбайлас жемқорлықтың белгілері туралы хабарлаған. Жылдан-жылға азаматтардың жемқорлық жағдайларын жариялау деңгейі жоғарып келеді. Өз кезегінде бұл қылмыстарды ашуда да оң өзгеріс әкеліп отыр. Алдағы уақытта да мұндай бармақ басты, көз қысты жағдайларды  анықтауға атсалысуға шақырамыз, ақпарат анықталған жағдайда қаржылай сыйақы да беріледі.

Хабарлама қалдырғандардың дені - қарағандылықтар. Биыл ондағы 9 мемлекеттік қызметкер грамотамен марапатталып, 1 тұрғынға 2,5 млн теңге сыйақы берілді. Ақтөбе облысында да жемқорлыққа жаны қас азаматтар тұрады. Сондай-ақ қаңтар-қыркүйек айларында Батыс Қазақстан облысында 8 қызметшіге грамота табысталды. Ал Ақмола өңірінде жемқорлық жайлы бірде бір хабарлама болмаған.