Ұлытауда ауыл мектептері интернетке қосылды

Ауыл мектептері қаладан кем емес.

Ұлытау облысындағы бірқатар білім ордалары жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Оған облыс қазынасынан 64 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Мектепте бұдан бөлек кабинеттер де жаңартылып жатыр.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы көптен айтылып жүр. Оны шешудің бір жолы – шалғайда орналасқан білім ордаларын модернизациялау. Биыл өңірде 42 ауылдың мектебі старлинк технологияларының көмегімен сапалы интернет байланысымен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек  соңғы екі жылда 50 оқу кабинеті заманауи техникамен жабдықталды. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 500 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Білім басқармасының бөлім басшысы Венера Өсерова «2029 жылға дейін ауыл мектептеріндегі пәндік кабинеттер толық жаңартылады», – ­дейді.

Венера Өсерова, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жылдан-жылға мектептерде материалдық техникалық база жағынан қамтамасыз ету мәселесін қарастырып отырмыз. Өткен жылы мысалы, біз 45 пән кабинеттерін сатып алғанбыз жаңа модификациялы. Оның көп бөлігі әрине ауыл мектептеріне алынды. Биылғы жылы Қаражал мектептерін жабдықтадық. Заманауи 5 кабинет сатып алдық.

Сәкен Сейфуллин ауылындағы Ынталы орта мектебі интернеті ең төмен білім ордаларының бірі болатын. Қазір мұнда жылдамдығы секундына 100 мегабит болатын интернет қосылды. Мектеп директорының орынбасары Әлия Шегебаева бұл оқушылармен қатар мұғалімдерге де үлкен мүмкіндік бергенін айтады. Қазір ұстаздар түрлі бейне сабақтарды қиындықсыз өткізе береді.

Әлия Шегебаева, Ынталы орта мектебі директорының орынбасары:

- Шыны керек, жаңа технологиялар біраздан бері бізде болмаған еді. Ескірген болатын. Сол ескіргендердің орнына жаңадан келіп жатыр. Физикадан келді, робототехнка кабинеті ашылды. Информатика кабинеті жабдықталған, одан кейін биология кабинеті жабдықталған. Балалардың білім сапасына қанша айтқанмен оның оң әсері бар.

Ардагер ұстаз Байызкен Сапиянов ауыл мектебі түзелмей, білім көші оңалмайтынын айтады. Ақсақал жасы сексеннен асса да 40 жыл қызмет қылған мектебіне жиі келеді.  Келген сайын «бір жаңашылдық көремін» дейді.

Байызкен Сапиянов, ардагер ұстаз:

- Мектептің жағдайы жақсы. Мамандар жақсы. Қазіргі мамандар жоғары технологияны меңгерген. Бұрынғы біздің уақытымыздағыдай емес. Кейінгі мамандар интернетпен жұмыс істейтін болды.

Ауыл мектептерін жаңғырту алдағы жылдары да жалғасады. Білім басқармасы келер жылы шалғайда орналасқан 29 мектепке заманауи пәндік кабинеттер сатып алуды жоспарлап отыр.

 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев