«Қызылсай» өңірлік табиғи паркінде аң-құс көбейді

Маңғыстаудың «Қызылсай» өңірлік мемлекеттік паркінде аң-құс көбейді.

Қорықшылар былтырғы санақ кезінде Үстірт арқарының саны бір мыңнан асқанын анықтап, есепке алды. Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық та көбейген. "Аң-құстың көбеюіне парк аумағында бақылаудың күшейтілуі себеп", - дейді жауаптылар. Табиғатты қорғаушылар да қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. 

«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы 700 мың гектар. Жабайы аң-құсқа қолайлы мекен төрт қаумалдан тұрады. Соның бірі - «Жабайұшқан». Қорықшы Абыл Есенғалиев бұл жердің сай-саласын жатқа біледі. Ол күн сайын қаумалға адамдардың рұқсатсыз кірмеуін қадағалайды. Табиғат инспекторы 10 жылдан бері қызықты әрі жауапты қызметте жүр. 

Абыл Есенғалиев, «Жабайұшқан» қаумалының инспекторы:

- Аумағымыз бар. Өзімізге обьекті берілген. Соны қарап, аң-құстарымыздың жай-күйін қараймыз. Сосын тыныштығын бақылаймыз. Арнайы өзіміздің құрылғы фототұзақпен тексеріп, бұлақтың көздерін ашамыз. Адасып кіретіндер бар, мал қарап жүретіндер де бар.  Браконьерлер бұрын көп болған. Қазір енді басылды ғой.

«Қызылсай» табиғи паркінде түз жануарларына жылына екі рет санақ жүреді. Былтыр қорықшылар назарына 490-ға жуық Үстірт арқары іліксе, биыл екі есе өскенін байқапты. Қаумалда итаю, қарақал секілді аңдар кездеседі. Соңғы кезде фототұзаққа ала барыс жиі түсетін болыпты. Сондай-ақ бүркіт, үкі, жорға дуадақ, ителгі сияқты жойылу қаупі төнген қанаттылардың қатары да біршама көбейген. 

Мұхаммедрахым Боранбаев , "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері:

- Жылдан-жылға өсім өте керемет. Мысалы, мына тұрған жер – «Жабайұшқан» қаумалы. Бұл жердің өзінде былтыр 2023 жылғы санақта 483 бас тау қойы саналған болатын. Қарақұйрықтың да, барлығының өсімі енді жылына 15-20 пайыздай өсім болып тұрады. Қазіргі таңда инспекторлардың жағдайы жақсы, жаңа көліктер келді. Соның арқасында аңды сақтау жолында қазір қолмен суару әдістері, әр жерге астауша қойылып сондай жұмыстар атқарылып жатыр.

Қорық аумағын 60-тан астам инспектор күндіз-түні күзетеді. Табиғат қорғаушылардың материалдық-техникалық базасын жақсарту ерекше назарда. Жуырда 3 жаңа автокөлік пен дрон берілді. «Қазір түнгі мезгілде арнайы дүрбі қолданамыз. Заманауи технология бір шақырым жерді айдан анық көрсетіп әрі фото-видеоға түсіреді. «Яғни браконьерлермен күресте таптырмас құрал», - дейді қорықшылар.

 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев