Жетісу облысында зейнеткер ауылын аллеяға айналдырған

Жетісу облысында тұратын зейнеткер өз ауылының кіреберісіндегі 2 гектар жерді аллеяға айналдырды.

Мақсатына жету үшін Орынбек Сағымбай есімді азамат 800 түп емен және терек әкеліп, ауылдастарымен бірге отырғызған. Игілікті іске жергілікті әкімдік те жәрдемдесіп, шырша көшеттерін алып берді. 

Кәлпе ауылындағы күре жолдың бойын көгалдандыруды Орынбек Сағымбай 2021 жылы қолға алды. Бастапқыда жоспар сызып, арнайы техникамен жерді тегістеткізген. Содан соң көпшілікпен бірге көшет екті. Үш жылдық еселі еңбегінің нәтижесінде ағаштары тамыр жайып, жайқала өсіп тұр. 

Орынбек Сағымбай, ауыл тұрғыны:

- Адамшылық парызым. Ауылыма еңбегім. Бұл аз. Келешекте ары қарай да көгертіп, бәрін жасасам деген арманым бар.

Ағаштарды суару Орынбек ағаның шаруасы болса, аллея алдындағы гүлге күтім көрсету жары Ғалия апайдың сүйікті ісі. Сұлулыққа жаны құмар жандар өз үйінің ауласын және жол жиегін гүлзар баққа айналдырған.  

Ғалия Рысбекқызы, ауыл тұрғыны:

- Өте әдемі ғой гүл деген. Адам жүрегіне сұлулық оятады. Сондықтан ары бері өткен адамдар қызығып сондай жақсы әсер сыйласын деп егемін.

Табиғатпен үндестікте өмір сүретін еңбекқор отбасының жеміс бағы бар. Ондағы алма ағаштары мен аллеядағы көшеттер кіші Кәлпе каналына орнатылған шығыр арқылы суарылады. 1997 жылы Орынбек ағаның өз қолымен жасаған құрылғысы күні бүгінге дейін кәдеге жарап тұр.  

Минутына төрт оборот береді. 12 шелек 30 литрдан. Сонда 360-400 литрдай су құйылады.

Жанәділ Бейсембаев, Кәлпе ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Орынбекке рақмет, мамандар әкеп шығырды, орнатып, қазіргі кезде күтіп баптап жатыр. 

Жергілікті әкімдік аллеядағы шөпті шапқызып, күтіміне көмек көрсетіп келеді. Енді олар қаражат бөліп, ауылдың кіреберісін абаттандыруды қолға аламыз деп отыр.

 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев