Референдум: Қызылордада ғылыми-сарапшылық топтың отырысы өтті

Республикалық референдумға қатысу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы алда тұр, деп хабарлайды 24kz.

Ресми мәліметке сүйенсек, өңірдегі дауыс беру құқына ие тұрғындардың 82,23%-і өз таңдауын жасады. АЭС-тің ел дамуындағы әсері мен референдум қорытындысы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының отырысында талқыланды. Қызылорда қаласындағы Достық үйінде өткен жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, этномәдени бірлестік өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылым мүшелері қатысты.

«Үш плюс және төртінші буынға жататын атом реакторы – ең қауіпсіз», - деп пікір білдірді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бақытхан Әбдікәрімов.

Бақытхан Әбдікәрімов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

- Біздің таңдауымыз дұрыс. Өйткені бұл атом энергиясы, энергетикасы әлемдегі ең озық елдердің пайдаланып келе жатқан энергиясы. Ең дамыған елдердің қазба байлықсыз-ақ осы энергияны қолданып жатқан энергиясы. Бұл негізі келешектен үміті бар жастардың энергиясы. Сондықтан мұның келешегі мол. Біздің келешек ұрпағымыз үшін үлкен жетістік деп біз танимыз.