АЭС – әлемдегі ең таза, ең арзан энергия бере алатын көз | сарапшы пікірі

24KZ телеарнасының тілшілері саяси науқанның әр сәтінен жалт еткен жаңалықты қалт жібермей жедел әрі бүкпесіз ақпарат таратты.

20 өңір мен шет мемлекеттерден сағат сайын тікелей байланысқа шығып, референдумның өту барысын баяндап отырды.

Халықтың науқанға қатысу қарқыны жақсы болды. Бүгін Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, жалпы дауыс берушілердің 63,66%-і науқанға қатысқан. Бұл дегеніңіз, 5,5 миллионнан аса адам деген сөз. Оның 72,12%-і АЭС құрылысын қолдайды. Сондай-ақ байқаушылар да, ұйымдастырушылар да белсенді жұмыс істеді.

 

Референдумға 177 халықаралық байқаушы қатысты

Республикалық референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымнан 177 байқаушы қатысты. Олар дауыс берудің ашық әрі кедергісіз өтуін қадағалады. Сондай-ақ 14 елдің орталық дауыс беру органдарының төрағалары да бақылау жасады. Олардың қатарында Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан секілді елдер бар. Сондай-ақ республикалық 13, өңірлік 200-ден астам қоғамдық ұйым мүшелері де науқанның заңды өтуін қадағалады.

Енді қорытынды нәтижесі оң болса, АЭС салынуы мүмкін. Бірнеше күнде бұл істің де анық-қанығы белгілі болады. Күні кеше ел Президенті рефендумда дауыс бергеннен кейін атом станциясының құрылысына қатысты пікір білдірген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді.

 

Әлемде 400-ден астам атом реакторы бар

Ал қазір әлемнің 31 елінде 400-ден астам ядролық реактор бар. Алда тағы 15 мемлекетте 59-ы қолданысқа қосылады. Энергия өндіруде атомның игілігін көріп отырғандардың көшін АҚШ бастайды. Онда 94 реактор бар. Франция мен Қытайда да 56-ы жұмыс істеп тұр. Ал көршіміз Ресейде 36 атом реакторы қолданыста. Сол секілді Франция, Швеция, Белгия секілді мемлекеттер де электр қуатының басым бөлігін атом электр станцияларынан алып отыр.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:

- Біздің Қазақстан бірнеше жыл болды, соңғы жылдары көрші елдерден электр энергиясын сатып алып жатыр. Бұл деген тәуелділікті білдіреді. Егер ол елдерге электр керек беріп, өндіріс ашатын болсақ, онда бізде қажетті уақытта электр энергиясы келмей қалады. Қауіпсіздік жөнінде айтатын болсақ, АЭС әлемдегі ең таза, ең арзан, 24 сағат тәулігіне, жеті күн аптасына энергия бере алатын көз.