БҚО-да 844 жас маман елді мекендерге жұмысқа орналасты
Батыс Қазақстан облысында 228 дәрігер жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.
Химия, математика, физика пәндерінен мұғалімдер аздық етеді. Осы кадр тапшылығын жоюда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орны ерекше. Соңғы 15 жылда бағдарлама бойынша 10 мыңдай маман ауылға ат басын бұрса, биыл 844 жас ауылдық елді мекендерде еңбек жолын бастапты.
Ерденбек Жылқайдарұлы әңгімелейді.
- Әйгерім Шамғонова педагогикалық колледждің сырттай оқу бөлімін былтыр тәмамдапты. Диплом қолға тиген соң Бәйтерек ауданы Құрманғазы ауылындағы негізгі мектепке жұмысқа тұрған. Жолдасы ауылға электр маманы боп қызметке орналасқан. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша баспаналы болған.
Әйгерім Шамғонова, жас маман:
- Бағдарлама бойынша үй алдық. Жөндеу жасадық. Бір жолғы қайтарымсыз көтермеақы төледі. Ол қаржыға жұмысқа қажетті принтер, ноутбук, тағы да басқа құралдар алдым. Қазір өзім де, жолдасым да жұмыс істейміз. Сәбилерімді балабақша орналастырдық. Мал ұстаймыз. Ауыл тұрмысы өзіме қатты ұнайды.
Биыл Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге 844 маман жұмысқа орналасқан. Оларға біржолғы көтермеақы төлеуге жергілікті бюджеттен 313 миллион теңге бөлінген. 385 маманға баспана алуға 3 млрд 136 млн теңге көлемінде бюджеттік несие беріліпті.
Райса Еркеғалиева, БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Бюджеттік кредитке 2023 жылдан бері қарай өзгеріс енгізілді көлеміне. Қазіргі уақытта ұлттық экономика министрлігінің №126 бұйрығымен аудан орталықтарына барған мамандар үшін бюджеттік кредит мөлшері 2500 АЕК. Немесе 9 млн 230 мың теңге тұрғын үй сатып алу үшін немесе салып алу үшін. Және егер мамандар аудан орталығы емес, жай ауылға баратын болса, онда оларға 2000 АЕК көлемінде бюджеттік кредит ұсынылады.
Бағдарлама ауылшаруашылығы мен әлеуметтік саланы түгел қамтиды. Бірақ негізгі қатысушылары ұстаздар мен дәрігерлер. Өйткені маман тапшылығы осы екі салада айқын аңғарылады. Мәселен, бір ғана денсаулық сақтау саласында 228 қызметкердің орны бос тұр.
Мадияр Өтешев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Былтыр 122 жас маман облысқа келді. Тең жартысы аудандық ауруханаға барды. Биылғы кезде 5 қыркүйекке 102 жас маман келді. Маман жетіспеушілігін жылдан жылға азайтуға жұмыстанып жатырмыз. Акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, травматолог, уролог, жалпы тәжірибедегі дәрігерге де қажеттілік бар.
Дәрігер тапшылығын жою мақсатында ауылға барған дәрігерлерге төленетін көтермеақы көлемі де ұлғайды. Егер былтыр шалғайдағы Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына жұмысқа орналасқан дәрігерлерге 5 миллион теңге төлеу қолға алынса, биыл бұл көрсеткіш 8 миллион теңгеге өсті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов