Президент архивінде 25 млн беттен тұратын құжат цифрландырылды
Алматыдағы Президент архивінде 25 миллион бет тарихи материалдың электронды көшірмесі жасалды, деп хабарлайды 24kz.
Мұрағатта 1,5 миллионнан аса құжат сақтаулы. Ондағы деректерді цифрландыру жұмысы 10 жылдан бері жүргізіліп келеді. Шаң басқан құжаттардың электронды нұсқасын жасау үшін 10 көшіру станциясы орнатылған. Олар жылына 15 мың құжатты цифрландырады екен. Нәтижесінде зерттеушілер мен ғалымдар үшін виртуалды оқу залы ашылып, осы күнге дейін жабық болған мәліметтер қолжетімді бола бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде 1917 жылдан бергі маңызды құжаттар сақталады. Бұл – XX ғасырды зерттеушілер үшін нағыз жәдігерлер жинағы. Уақыт өткен сайын сиясы кетіп, тоза бастаған құнды қағаздарды қолмен ұстауға болмайды. Дегенмен, цифрландыру жұмысы тарихшылар үшін үлкен көмек.
Құралай Қабарова, электронды архивті дамыту және цифрландыру қызметінің басшысы:
- Бізге келген әрбір пайдаланушыға біз электрондық форматтағы құжаттарды қол жеткізуді мақсат қылып отырмыз. Біздің оқу залында құжаттарды электронды форматта ғана ұсынады. Сайтымызда электронды каталог деген жеке деректер базасы бар. Сол база арқылы зерттеушілер жұмыс істей алады. Бұл әрине, үлкен мүмкіндік, архивке келмей- ақ үйде отырып онлайн түрде қажетті деректерге қол жеткізе алады.
Заманауи құрылғылар қағаздағы жазуды аса дәлдікпен көшіре алады. Бұл деректердің арасында компартияның есептері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке ісі, суреттер мен хаттар бар. Мысалы, құжаттарды цифрландыру кезінде даңқты мерген, Халық қаһарманы Төлеуғали Әбдібековтың қаруластарына жазған хаты табылды. Түпнұсқа қаз-қалпында электронды жүйеге енгізілген.
Медет Дүйсенбайұлы, ҚР Президенті архивінің аға сарапшысы:
- Сапасы нашар болғандықтан бұл құжаттардың мәтіні сақталмай өшіп қалып, сондай мәселе болған. Соны шешу үшін XX ғасырдың 60-80 жылдары құжаттарды сақтандыру көшірмесін микрофильмдерге көшіру арқылы шешіп отырған. Сапасы 600 DPI-ға дейінгі сапада, электронды форматқа көшіруге болады. JPEG форматында, сондықтан өшіп бара жатқан мәтіндерді жаңа программа, бағдарлама қолдану арқылы оларды қалпына келтіруге де болады.
Бүгінде архив қорында 1,5 миллионнан аса құжат сақтаулы. Соңғы екі жылда қор 800 мыңға көбейген. Себебі арнайы қызмет пен құқық қорғау органдары осыған дейін құпия болған құжаттарды тапсырыпты.
Медет Дүйсенбайұлы, ҚР Президенті архивінің аға сарапшысы:
- Сканерлердің жылдамдығы өте жылдам. Өндірістік көлемдегі сканер болғандықтан, бір парақты 2 секунд ішінде сканерлейді. Сканерлеп қана қоймайды оны PDF форматқа немесе өзіңізге қалаған форматқа ауыстырып компьютерге түсіріп береді. Істің қиындығына байланысты күніне 2000 параққа дейін сандық форматқа көшіреді.
Президент архивіндегі цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Техника жыл сайын жаңартылуда. Электронды көшірменің барлығы мекеме базасына сақталуда. Қазір электронды кітапхананы қолданушылар саны да артқан. Болашақта көптеген құжаттар Президент архивінің сайтына жүктеліп, жалпыға қолжетімді болады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов