Батысқазақстандықтардың 67% референдумда дауыс берді

Референдумда белсенділік танытқан аймақтың бірі Батыс Қазақстан облысы. Орал өңірінде 445 мың дауыс берушінің 298 мыңы, яғни 67% референдум учаскесіне барып өз таңдауын жасаған, деп хабарлайды 24kz.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Батыс Қазақстан облысында 496 референдум учаскесі болса, соның 130-ы облыс орталығында орналасқан. Осы учаскелерге келіп дауыс берген 298 мың азаматтың 66% кеше елімізге атом электр станциясы қажет деп санайтындарын жеткізді. Мұның өзі осы референдум қарсаңында кең ауқымда жүргізілген түсінік жұмыстарының нәтижесі болса керек.

София Ізмұхамбетова, Халықтық штаб мүшесі, облыстық мәслихат депутаты:

- Халық арасында АЭС салу қажет пе, қауіпті ме деген көп пікір тыңдалды, талқыланды. Және осы орайда халықтық штаб үлкен белсенді қызмет атқарды деуге болады. Өйткені халықтық штаб құрамында тек депутаттар емес, осы саланың мамандары бірге жүрді. Және маман ретінде АЭС-тың тиімді жағы неде? Осыны дәлелді фактілермен көрсетіп түсіндірді.

Дегенмен, өңір халқының үштен бірі елімізде атом энергиясы өндірілгенін қаламайды. Олар ең алдымен атом стансасының ықтимал экологиялық зардабын ойлайды, «ауа мен суға, ел мен жерге зияны тие ме?» деп алаңдайды. «Бұл ретте кеше Мемлекет басшысының АЭС құрылысына ең заманауи технология қолданылатынын айтуы көптің көңіліндегі күмәнді сейілтті», - дейді сарапшылар.

Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат төрағасы:

- Кім салады, қай мемлекет салады деген мәселеде күні кеше Президентіміз оған ашық, толық позициясын білдірді. Бұл алдағы уақытта салынатын АЭС стратегиясы, Президент көзқарасы – ол халықаралық консорциум болу керек. Яғни, бір ғана мемлекет емес, аталған төрт мемлекеттің үздік тәжірибесін, үздік технологиясы арқылы салу бағыты өте жақсы жаңалық болды біз үшін.

Референдум нәтижесі елдің тұрақты дамуы жолында маңызды шешім қабылдауға негіз болмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов