Абай облысында 750 мың гектар жерден егін жиналады

Абай облысында 750 мың гектар жерге дән себілген, деп хабарлайды 24kz.

Биыл өңірдегі егін алқабы 4 мың гектарға ұлғайды. Қазір облысқа қарасты аудандарда жиын-терін науқаны қарқынды жүріп жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Юрий Венчук 2013 жылдан егін шаруашылығымен айналысады. Ала жаздай алқапта еңбек етеді. Биыл 5800 гектар жерге егін еккен. Қазір астықты жинауға кірісіпті. Осы күзде 11 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.

Юрий Винчюк, Көкпекті ауданының тұрғыны:

- Биыл екі жаңа комбайн сатып алдық. Әр комбайн 24 млн теңге тұрады. Мемлекеттен алған көмектің арқасында осындай жаңа техникаларды алып жатырмыз. Бұған қоса, өз қаражатымызға жаңа су шашатын техника алдық.

Шаруа қожалығында 30-дан астам адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Ербол Тоқтарбаев. Комбайыншы үлкен техниканың қыр-сырын меңгерген. Таң ата алқапқа шығып, кеш түскенде бір-ақ қайтады. Биыл өңірде 32 мың гектар жерге күнбағыс егілген. Қазір өнім орылып, қоймаларға жөнелтіліп жатыр.

Ербол Тоқтарбаев, комбайыншы:

- Қазір бізде астық жинау науқыны қарқынды жүріп жатыр. Барлық техникалар жаңа. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Жалақымызды ай сайын уақытылы алып отырмыз. Биыл жақсы өнім жинаймыз деген сенімдемін.

Биыл Көкпекті ауданы бойынша шамамен 90 мың гектар жерден егін жиналады. Қазір барлығы 80-ге жуық техника жұмылдырылған. Жазда ауа райы қолайлы болғандықтан, мамандар 170 мың тоннадан астам өнім жиналады деп болжам жасап отыр.

Серік Байсеңгіров, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 15-20 центнер гектардан алып отыр. Мұның барлығы минералды тыңайтқыштарды қолдану. Мемлекеттен көрсетіліп отырған көмектерді тиімді пайдалану. Сонымен қатар шаруашылықтарға ауа райының өте үлкен көмегі деп ойлаймын.

Мамандар биылғы өнім көлемін 1 млн тоннаға жеткізуді көздейді. Биыл өңірдегі шаруаларға 9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Өңірде астықтың 70%-і жиналып тұр. Күзгі жиын-терін науқаны әлі жалғасады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов