Қарқаралыда дала әлі өртеніп жатыр

Арқа өңірі, Қарағанды мен Павлодар облыстарында кеше алапат өрт тұтанып, даланы көк түтін басты.

Осыған орай «Қазавиаспас» тікұшағымен біраз адам, оның ішінде бала-шаға эвакуацияланған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің кеше кешкісін таратқан ақпарына қарағанда Қарағанды облысындағы Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі  елді мекендеріне қауіп жоқ. Бірақ өртпен күрес жалғасып жатыр деп хабарлаған еді құзырлы орган. Сол дерек бойынша аймақта ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Бірақ желдің екпіні мен таулы аймақ болған соң біраз қиындықтар бары айтылған. 

Өртті сөндіруге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 техника, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған. Күш 4 жауынгерлік учаскеге бөлінген. Бұдан бөлек Ұлттық Ұлан, Кувский орманшылығы, ақмолалық құтқарушылар мен әскери бөлімдер көмекке келген.  

Роллан Есмағанбетов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Қатты екпінді жел, таулы жер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндірудің жолдарын қиындатуда. Өртті сөндіруге Қарағанды облысының департаменті және жергілікті атқарушы органдардың күштерінен құралған 386 адам, 64 техника, әуе кемелер жұмылдырылуда.