Қазығұрт ауданында Қарттарға қызмет көрсету орталығы ашылды
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында қазыналы қарияларға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды.
Зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсететін кешен заманауи құралдармен жабдықталған. Орталықтың ашылу салтанатына аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшелері мен «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының өкілдері қатысты.
Бұрын Жастар орталығы болған ғимарат аудан ақсақалдарының өтінішімен қайта жөнделіп, қарияларға әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа айналды. Мұнда зейнет жасындағы азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Жасы 80-ге келген аудан тұрғыны Сарыпбек Жаңабаев орталықтың ашылғанына дән риза.
Сарыпбек Жаңабаев, аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшесі:
- Мынандай ғимарат ашып, қарттарға осындай жағдай жасағаны үшін еліміздің азаматтарына көптен көп рахмет, айналайын! Еліміз дами берсін, байй берсін. Елімізде тыныштық болсын. Тек қана жақсылықпен кездесейік!
Мұнда қарияларға медициналық, психологиялық және құқықтық кеңес көрсетіледі. Одан бөлек, орталықта массаж, тұзды шахта бөлмесі, шахмат пен дойбы және спорттық жаттығу, теннис пен бильярд залы қарастырылған. Ал ақ жаулықты аналарға арналған еңбек терапиясы, тігін тігу кабинеті жұмыс істейді. Аудан әкімі Азизхан Исмайлов: «Қарттарға қамқорлық жасау міндетіміз», – дейді.
Азизхан Исмайлов, Қазығұрт ауданының әкімі:
- Қарияларымыз, ақжаулықты әжелеріміз көріп, қуанып, өздерінің ықыластарын білдіріп жатыр. Бұл дегеніміз – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Ертең осы жерде отырып қариялар мына жастарға тәрбие береді. Қарияларымызды біз құрметтеп, сыйласақ, өсіріп отырған ұл-қыздарымыз да бізге қарап өседі. Сондықтан әр дайым біз осындай орталықтарды көбейтіп, қарияларға құрмет жасау керек деп ойлаймын.
Бұл орталықта 17 адам тұрақты жұмыс істеп, айына 170, жылына 2 мың адамға дейін қызмет көрсетеді. Жалпы Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнеткер бар десек, олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін облыстағы 14 аудан-қалада осындай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов