Димаш Құдайберген – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ізгі ниет елшісі

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-съезі келер жылы 17-18 қыркүйек күндері өтеді.

Бұл туралы бүгін елордада съез Хатшылығының 22 отырысында белгілі болды. Жиында съездің ізгі ниет елшілері де сайланды. Олардың қатарында, Қазақстанның мәдениет және қоғам қайраткері Димаш Құдайберген де бар.

Отырыс бір минут үнсіздікпен басталды. Бұл халықтар арасындағы келісімді нығайту және әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуға деген қатысушылар мен қонақтардың ниеті. 

Былтыр ғана әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы уақыт ішінде съезд жаһандық маңызға ие дінаралық диалог алаңына айналды. Мұны Парламент Сенатының төрағасы әрі Хатшылық басшысы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде атап өтті. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Қазіргідей шиеленісті жағдайда дін көшбасшыларының бір үстел басына отырып, пікір алмасуы кез келген қайшылықты еңсерудің озық үлгісі екені анық. Осы тәжірибені бүкіл әлемге дәріптеу аса маңызды деп есептеймін. Съез алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімді насихаттауға және...

Жиында ортаға салынған өзекті тақырып жасанды интеллект қаупі болды. Жаңа технологияның қарыштап дамуы  түйіткілді мәселеге айналды. Мұнда үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізумен қатар сын-тегеуріндерге де тап болып жатқанымыз жасырын емес. Бұл этникалық, діни және әлеуметтік топтар арасындағы түрлі қақтығыстарға да алып келуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект мүмкіндіктері дін жолындағылар үшін сынаққа айналуы ғажап емес дейді Иранның дін және мәдениет диалогы орталығының басшысы. 

Әли Акбар Зиаи, Иран Ислам Республикасының Дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының басшысы:

- Негізінде жасанды интеллект алдағы 10 жылда орасан зор өзгеріске ұшырайды. Діни бірлестіктер де осы технологиялық эволюцияға бейімделуі керек. Сондай-ақ, жасанды интеллект діни құндылықтар, наным-сенімдер сияқты іргелі діни құрылымдарды да өзгертеді. Бұл өзгерістер дәстүрлі дін жолындағылар үшін маңызды сынақ болмақ.

Осы орайда хатшылық өкілдері дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту мәселесін алға қойды. Ол үшін шара аясында жас діни лидерлер форумы ұйымдастырылмақ. Одан бөлек ізгі ниет институтын құру шешімі қабылданып, оның елшілері сайланды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:

- Съездің ізгі ниет елшілері болып Иерусалим Патриархы Феофил III, Америка қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Джо Уэлм, Мұсылман кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Абдел Салам және Қазақстанның мәдениет және қоғам қайраткері Димаш Құдайберген тағайындалады. 

Сөз соңында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-съезі келесі жылғы 17-18 қыркүйек күндері өтетіні белгілі болды. 

Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев