БЖЗҚ алаяқтардан сақ болуға шақырады
Алаяқтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атын жамылуға көшті, деп хабарлайды 24kz.
Олар салымшыларға хабарласып, төлем операциясы кезінде техникалық ақаулар шыққаны туралы жалған ақпарат берген. Ал олқылықты жою үшін арнайы жіберілген құпиясөзді айтуды талап етеді екен. Қордың мамандары салымшылардан мұндай мәліметке сенбеуді сұрап отыр.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Зейнетақы қорына кәсіпорындардың бірінен бас есепші хабарласып, техникалық ақау жайлы толық ақпарат алғысы келген. Айтуынша, мұның алдында қордан әлдекім қоңырау шалып, еңбек ұжымының жарнасы түспегенін жеткізіпті. Төлем операциясын қайталау үшін басқа есепшот ұсынған. Егер уақтылы аудармаса, айыппұл салынатынын ескерткен-мыс.
Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» ақ атқарушы директоры:
- Зейнетақы жарналарын түсу-түспеуін салық органдары тексереді. Бірыңғай зейнетақы қорының оған қатысы жоқ. Сондықтан бас бухгалтер қорға хабарласқан кезде біздің мамандар жауап беріп, сол алаяқтық әрекеттерден қорғап қалды.
Кейінгі кездері мұндай жайттар жиілеп кеткен. Алаяқтар салымшыларға өзін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырып, ойдан шығарылған техникалық ақауларды жою үшін құпиясөз талап етеді. Қор мамандарының айтуынша, салымшыларға мекеме атынан ешкім хабарласпайды. Сондықтан мұндай қоңырауларға жауап бермеуді сұрап отыр.
Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ атқарушы директоры:
- Бізге керек ақпараттың бәрі зейнетақы төлемін өтеген кезде келіп түседі. Мемлекеттік база бар. Сол арқылы әр азаматтың керекті ақпаратын ала аламыз. БЖЗҚ-дағы шоттарыңыз және жеке мәліметтеріңіздің бәрі қорғалған. Оған ешбір алаяқ кіріп, ол мәліметтерді қолдана алмайды. Бірақ сол біздің мәліметтерге сүйене отырып, алдау арқылы сіздердің басқа да банк шоттарыңызды иемденіп кетуі мүмкін.
Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметінше, жыл басталғалы бері елде 14 мыңға жуық алаяқтық дерегі тіркелген. «Пысықайлардың» көбі құйтырқы әрекеттерді шетелде отырып жүзеге асырады. Сондықтан оларды жедел қолға түсіру қиынға соғады. Биыл Қазақстан, Чехия, Украина полицейлері бірлесе екі бірдей трансұлттық қылмыстық топты ұстап, байланыс орталықтарын жойды.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Запорожье қаласында алаяқтардың 2 call-орталығы жойылды. Қаскүнемдер өздерін банк және құқық қорғау қызметкерлері органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қазақстандықтарға қоңырау шалып, олардың шоттарының деректерін алуға тырысқан. Ал Одесса қаласында 3 алаяқтық колл-орталығы таратылды. Қаскөйлер жалған инвестициялық компанияларға қаржы салу сылтауымен алаяқтық әрекет жасаған.
Ал Алматыда мұндай 4 орталық анықталып, алаяқтар қамауға алынды. Қылмыстық топ құрамында 5 қазақстандық пен 47 шетелдік азамат бар.
Полицейлер алаяқтардың арбауына түспес үшін мессенджерлер арқылы келген күмәнді сілтемелерді ашпауға және қоңырау шалушыларға жеке мәліметтерді бермеуді ескертеді.
Авторы: Еркебұлан Смадияров