Ақтөбе облысында 200 дәрігер жетіспейді

Терапевт, кардиолог, хирург, анестезиолог және реаниматолог мамандар тапшы, деп хабарлайды 24kz.

Бұл мәселені шешу үшін ауылды аймақтарда жұмыс істегісі келетін жас мамандарға көтерме ақы тағайындалып, баспана беріліп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Ақнұр Ералы емханада 6 жылдан бері еңбек етеді. Ол мұнда Марат Оспанов атындағы жоғары оқу орнында жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын алған бойда орналасқан. Ақнұр онда мемлекеттік грант бойынша білім алды. «Жұмысқа орналасу аса қиындық тудырған жоқ. Ол үшін емханада екі аптадай тәжірибеден өттім», - дейді ол.

Ақнұр Ералы, №6 емхананың бөлім меңгерушісі:

- Ақ халат киіп, адамдарға көмектесіп жүру өзімнің негізгі армандарымның бірі болды. Сол арманымды қуып, оқуға түсіп, қазіргі таңда осы мамандығымның жемісін көріп жатырмын деп нық сеніммен айта аламын. Дәрігер болу жүректілікті, табандылықты қажет ететін мамандық болып есептеледі. Сол себепті біз өзіміздің біліктілігімізді арттырып отыруымыз қажет деп есептеймін.

Бұл емханада 35 мың тұрғын тіркелген. Оларға 78 дәрігер, 115 мейірбике қызмет көрсетеді. Мұнда соңғы үш жылда 20 жас маман жұмысқа орналасты. «Сол арқылы маман тапшылығы түбегейлі шешілді», - дейді аталған медицина мекемесінің басшылығы. Ал облыс бойынша 200 дәрігер жетіспейді. Хромтаудағы аудандық ауруханаға 12, Мұғалжар ауданына 10, ал Шалқарға 14 жоғары білімді дәрігер қажет.

Ақтоты Кұстанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- 17 жас маман аудандық ауруханаларға жұмысқа жіберілді. Дәрігер мамандығының беделін арттыру, ауылға мамандарды тарту және ұстап қалу үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді. Мысалы ауылды жерде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген дәрігерге бір мезгілде 8,5 млн теңге төленуі тиіс.

Жыл басынан бері өңірдегі медицина мекемелеріне 83 дәрігер жұмысқа орналасты. Соның үштен бір бөлігі жоғары оқу орындарында жергілікті бюджет қаржысына оқып, білім алған. Биыл бұл мақсатқа 46 мемлкеттік грант бөлінді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков