Елордада жас діни көшбасшылар форумы өтті
Астанада жас діни лидерлер форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберінде ұйымдастырылған жиынға әлемнің 30-дан астам елінен делегаттар келді. Олар жаһанға ортақ түйткілдердің түйінін бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Отырыстың нәтижесінде жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданып, алдағы ортақ жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Форумды ашқан Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шара қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы 2 жыл бұрын VII съезде жұмысты жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынғанын атап өткен.
«Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал, оған жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:
- Сіздер осы форумға қатысу арқылы мәдениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға өз үлестеріңді қосуға дайын екендеріңізді көрсетіп отырсыздар. Сол үшін Сіздерге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бұл форум жас көшбасшылар арасындағы дінаралық диалогтың бірегей тұғырын құруға, тәуекелдер мен сын-қатерді еңсеруге және жастардың күш-жігерін біріктіруге жол ашады.
Джо Бейли Уэллс, Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:
- Алдымызда ұзақ әрі жауапкершілігі мол жол тұр. Жас діни көшбасшылардың бейбітшілікті ту етіп, бір-бірімен ашық байланыс орнатқанын қалаймыз. Бәріміз де игі іс жасауға тырысатынымыз рас, бірақ нақты іске келгенде шалыс қадам басатынымыз жасырын емес. Сондықтан өскелең ұрпақтың болашағына бей-жай қарамауға шақырамын.
Форум кезінде тағы Қасиетті тақтың дінаралық диалогы жөніндегі дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акаше, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри, «Діндер бейбітшілік үшін» үкіметтік емес ұйымы Бас хатшысының орынбасары Дипика Сингх, Тонаф институтының президенті Эммануэль Ганс, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Ершат Оңғар сөз сөйледі.
Ершат Оңғар, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры:
- Әлемнің әр қиырынан келген жастар діни сенімдеріне қарамастан осындай алаңда бірігіп, танысып, қарым-қатынас түзеп алса, ол көптеген әлемдік деңгейдегі проблемаларды шешуге, соған жол табуға қолайлы жағдай деп ойлаймын.
Форумның нәтижесінде қорытынды құжат – Жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданды. Онда қатысушылар съездің және бірінші форумның ұйыстырушы әрі жасампаз рөліне баса мән берді. Құжатта жастар өзара құрмет пен келісім, мейірімділік пен жанашырлық, түсіністік пен ынтымақтастық салтанат құрған әлем қалыптастыруға өздерінің білімдерін, күш-қуатын және ерік-жігерін жұмсауға дайын екендерін де атап өткен.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- «Тың технологиялардың болғаны жақсы, бірақ соғыс шеңберінде дамып жатқаны өкінішті», - дейді спикерлер. Бүгінде түрлі қақтығысқа ұшыраған аймақтарда 2 млрд-қа жуық халық тұрады. Олардың ішінде балалар мен жастар бар. «Осыған байланысты жас діни көшбасшылар моральдық құндылықтарға басымдық беруі керек», - дейді алдыңғы буын. Әлем халқының 80%-і өзін дінмен байланыстырады. Бірақ бұл өзара бөлінуге, қырғи-қабақтық танытуға, араны ашуға еш себеп болмауы тиіс. Бүгінгі шағын көрмеде балалар суреттері арқылы осыны көрсетуге тырысты.
Айта кеткен жөн, жас дін лидерлерінің форумын өткізу туралы идея Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданды.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мадияр Қындыбаев, Дәулет Кибраев