«Қазпошта» жылына 15 млн-нан астам сәлемдеме жеткізеді
Бүгін – Дүниежүзілік пошта күні. Қазақстанда бұл мейрамды 20 мыңнан астам қызметкер тойлайды, деп хабарлайды 24kz.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Жанна Әбілмәжінованың пошта қызметінде жеті жыл тәжірибесі бар. Содан бері миллиондаған хатты өз иесіне жеткізген. Күніне 200 адамды қуантады.
Жанна Әбілмәжінова, пошташы:
- Жұмысқа жаңадан келген кезім. Хат апарып берген кезде тұрғындар шайға шақырып, тәттілер ұсынып жатты. Брусиловский көшесінде тұратын қариялар есімде сақталып қалыпты. Мен келген сайын Қазақстан шоколадын дайындап отыратын. Бас тартқаныма қарамай өзіме де, қыздарыма да беріп жіберетін. Әріптестерімнің де басынан ұқсас жағдайлар көп өтеді. Осылайша, осы жұмысты қатты жақсы көріп кеттім.
Пошта арқылы мерзімді басылымдар да оқырманымен қауышады. Ал, ол газет-журнал кешікпеуі үшін күн сайын мыңдаған маман тер төгіп жүр.
Гүлшат Шалтенова, сұрыптаушы:
- Таңғы сағат 4-5-терде редакциядан газеттер келіп тұрады. Оңтүстіктен келген газеттер болады. Солардың бәрін жан-жаққа сұрыптаймыз. Өзі сеткаларымыз бар арналған. Солардың бәріне сұрыптап саламыз. Содан кейін оларды есептейміз. Әр газетті бөлек-бөлек жазып аламыз. Содан кейін компьютерден докуцменттерін шығарып алып, жан-жаққа отписывать етеміз де жіберіп отырамыз.
Бұл сұрыптау орталығындағы жұмыс тәулік бойы тоқтамайды. Хаттар мен газет-журналдардан бөлек, түрлі сәлемдемелерді жеткізу қызметі де сұранысқа ие.
Азамат Хасенов, сұрыптаушы:
- Мысалға сіз Астананың бір бөлігінде тұрсаңыз, барып сәлемдемені тапсырасыз. Алматыға десек. Ол бізге бірінші келеді. Бізде сұрыпталады. Сосын автокөлікке тиеледі. Немесе пойызбен. Алматыға кетеді. Ар жақта сіз жіберген адамыңыз қабылдап алады. Сосын біз шет жақтан келген сәлемдемелерді біз сорттаймыз да, Астанаға береміз. Астана ары қарай бөлімшелерге жібереді.
Бірақ бұл заттар бірден алушының қолына берілмейді. Алдымен қаптаманың бүтін болуы тексеріледі. Өйткені сәлемдеме иесіне бүлінбей жетуге тиіс.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Пошта қызметінде қауіпсіздікке баса мән беріледі. Ол тыйым салынған заттар тасымалданбауы үшін керек. Мәселен мынадай сәлемдемелер ішінде бомба немесе қару кетіп қалмауы үшін осындай рентген аппараттарға салынып, тексерістен өтеді. Содан кейін ғана барып азаматтарға табысталады.
«Қазпошта» жыл сайын 15 млн-нан астам сәлемдемені жеткізеді. Оның тең жартысы ел ішіндегі тасымал болса, қалғаны сырттан келіп жатыр. Себебі қазір шетелдік маркетплейстерден тауар алушылар саны көбейген.
Азамат Кескінбаев, «Қазпошта» АҚ стратегия жөніндегі басқарма директоры:
- Егер сіз шетелден сәлемдеме алдыртатын болсаңыз, қазіргі таңда әрбір азаматқа 200 еуродан аспайтын, немесе салмағы 31 келіден аспайтын сәлемдемеге дейін ешқандай қосымша кедендік баж салығы төленбеуге болады. Ал егер сол мөлшерден асатын болса, сіз баж салығын төлеуге міндеттісіз. Және біздің айтып өткен мобильдік қосымшада сіз өзіңіз үйіңізде отырып, ешқайда бармай, сол баж салығын төлеуге мүмкіншілік бар.
«Қазпошта» жеткізу қызметі нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін түрлі жаңашылдықтар енгізуге ден қойған. Бірақ оның басты артықшылығы – еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін бөлімшелерінің көптігі. Олардың 70%-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ғалым Абылахат, Бағдат Қайыркен