Қостанай облысының Амангелді ауданында туристік кешен ашылды
Қостанай облысының Амангелді ауданында әлемге әйгілі тарихи ғимараттардың көшірмесі тұрғызылған туристік кешен ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Эйфель мұнарасы, Сақ моншасы, әлемнің жеті кереметіне кіретін Тадж-Махал кесенесі, Кукульхана пирамидасы бір алаңда тоғысты. Мамандар жаңа демалыс аймағы облыстың оңтүсік өңірінде туризмнің дамуына серпін береді деген пікірде.
Амангелді ауылының солтүстік бөлігінде әлем жәдігерлерін топтастырған ерекше кешен пайда болды. Ішіне кірсең құдды бір ежелгі дәуірге түскендей боласың. Мысыр пирамидасы, Бразилия қонақ үйі, сақтар саунасы сияқты әлемдік жауһарлардың көшірмесі қаз-қатар бой түзеген. Ортасында ағып жатқан су каналы да ерекше келбет беріп тұр. Мұнда келер жылы да тарихи ғимараттардың құрылысы жалғасын табады.
Нұрлан Қойшығұлов, Амангелді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Киіз үйлер кешені биылғы жылы қосылды іске, бүгінгі күні ашылып жатқан Жады тақтасы, одан былтыр ашылған мемориал, мынау ортада салынып жатқан Тәжі-Махалдың көшірмесі. Келешекте қалған Дешті Қыпшақ мұражайымен, мына жерде Самұрық құстың бассейні болады. Самұрық құстың пішінінде бассейн салынады. Оның сыртында абаттандыру жұмыстары. Әлі әлде де жұмыстар бар. Жоба бойынша 2026 жылы бітірмек.
Туристік кешеннің ашылу салтанатына алыс-жақыннан белгілі тұлғалар қоғам қайраткерлері, билік өкілдері, депутаттар қатысты. Көпшілік бұл жоба туризмнің дамуына оң ықпал етеді деген пікірде.
Ринат Мұхметқали, облыс әкімінің орынбасары:
- Жалпы туризм бағытында соңғы кезде жүзеге асырылып жатқан бір-екі жоба бар. Соның бір ең ірі жобасы жалпы соңғы кездегі жүзеге асырылған осы туристік хаб деп айтса болады. Екіншісі – Денисов ауданында туристерге арналған суға түсу, сол жерге қонып демалатын аймақ салынып жатыр. Ол да былтыр басталды, қазір өзінің кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Сонымен қатар дәл осы күні Амангелді ауылында мәмлүктердің билеушісі Сұлтан Бейбарыстың ескерткіші ашылды.
Сапар Ысқақов, кәсіпкер, меценат:
- Сұлтан Бейбарысқа арналған ескертікшті салып, өзімнің міндетімді орындадым. Қазақ халқының алдында, ұрпақтарымыздың алдында, Ұлы даланың алдында. Міне, бүгін ол кісі өзінің халқымен қауышып жатыр.
Торғай өңірі тарихи орындарға бай. «Соларды қолжетімді қылу үшін бірсыпыра елді мекеннің жолы жөнделеді», - дейді атқарушы билік өкілдері.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг