Отандық сот жүйесін дамыту стратегиясы әзірленді

Отандық сот жүйесін дамыту стратегиясы жасалды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба алдағы бес жылды қамтиды. Ол саладағы қызмет сапасы мен азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған. Құжатты талқылау үшін арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда отандық мамандармен қатар шетелдік сарапшылар мен ұйым өкілдері өзара пікір алмасты.

Қазақстанда сот процестерінен онлайн-трансляция жасау қарқын ала бастады. Бұл үрдіс енді жүйелі түрде жалғасады. Саладағы тағы бір жаңашылдық – елде Сот әкімшілігі дербес мекеме ретінде құрылды. Ал келер жылдан бастап кассациялық сот жұмыс істейді. Мұндай өзгерістерге шетелдік сарапшылар жоғары баға беріп отыр.

Мемлекет басшысының қабылдауында болған Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті Луис Пальма өзге елдердің Қазақстан тәжірибесін зерделеуі қажет екенін атап өтті.

Луис Мария Пальма, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президенті:

- Қазақстандықтар заманауи технологияларды тез меңгеріп жатыр. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде байқалды. Азаматтар сот процестеріне онлайн қатыса бастады. Ал көптеген елде мұндай мүмкіндік болмады.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жаңа технологиялар арқылы сот төрелігіне қолжетімділікті қамту бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Азаматтық сот төрелігіне келсек, істерді жедел қарау тұрғысынан әлемдік рейтингте үздік үштікке енеді.

Франческо Депаскуале, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі еуропалық комиссияның президенті:

- Біздің дерек бойынша Қазақстанда цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әр салада осындай өрлеу бар. Бұл үрдіске сот саласының да белсене атсалысуы қуантады. Сандық жүйе судьялардың жұмысын жеңілдетеді әрі кәсіби тұрғыда өсуіне көмекші құрал болады.

Отандық мамандардың мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Олар сот жүйесін дамытудың стратегиясын әзірлеп, реформаларды жалғастыруды көздеп отыр.

Наиль Ахметзакиров, ҚР Сот әкімшілігінің басшысы:

- Стратегия «Болашақ соты» тұжырымдамасына көшу үшін алғышарттар мен қолайлы жағдай жасайды. Ол үшін процессуалдық заңнамаларда белгілі бір тармақтар бар. Ең алдымен экстратерриториалдық және онлайн-технологияны дамыту қажет.

Жиында мамандар жобаны жан-жақты талқылап, алдағы уақытта бірлесе жүзеге асырылатын шараларды пысықтады.

Авторы: Еркебұлан Смадияров