Жетісу облысында күріш ору науқаны қызу жүріп жатыр

Жетісу облысында күріш ору науқаны қызу, деп хабарлайды 24kz.

Аймақ диқандары мың гектардан астам алқапқа себілген дақылдың басым бөлігін жинап, қамбаға тасып үлгерді. Ел ырыздығын арттырған дала еңбеккерлерінің көңілі тоқ болғанымен, су тапшылығы және каналдардың тайыздануы алаңдатады.

Ермек Құрманбеков өндірістік кооператив жұмысшыларымен бірге 300 гектар жерге себілген күрішті орып жатыр. Орташа түсім гектарынан 30 центнерден асады. Түсім былтырғыдан жақсы болғанымен, шаруаның жұмысына кедергі де бар.

Ермек Құрманбеков, Өндірістік кооператив басшысының орынбасары:

- Каналдардың тазаланбауы, су тапшылығы кезінде сезіледі де. Су дұрыс келмейді. Сброс дұрыс істемейді. Су мол кезде проблема бар. Бірақ қатты сезілмейді.

Кезінде Қаратал ауданы бойынша 6 мың гектарға күріш себілетін. Ал қазір оның көлемі небәрі мың гектардан асады. Егіс алқабының кемуіне су тапшылығы мен каналдардың тайыздануы себеп болған. Себебі тазаланбайды. Шаруалардың көп жылдан бергі көкейкесті проблемасы биыл шешіле бастады.

Кенжеахмет Оразұлы, мердігер:

- Біздің алған көлеміміз 178,5 шақырым болатын. Қазір соның 70%-інен астамын бітірдік. Енді біз техниканы көбейтіп, тағы бір-екі техника қосып, төрт техникамен қарашаның 25-30-ына дейін бітіруді үміттеніп отырмыз.

Аудандағы 22 мың гектар алқап екі каналдан суарылады. Оның ұзындығы екі мың шақырымға жуықтайды.

Ғалым Уәлиев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- 300 шақырым тазаланып жатыр қазіргі таңда. Келесі жылға тағы өтінім беріп отырмыз. Екі жүз шақырымға. Енді қанағаттандырылса, келесі жылы тағы да тазаланады деп ойлаймыз.

«Келесі жылы да атыздардың табаны тереңдетіліп тазартылса, онда егістік алқаптың күре тамырына баланған каналдың төрттен бір бөлігі қалыпқа келтіріледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев