Оралдық Лабрадор ізшіл иттердің үштігіне енді
Оралдық құтқарушылардың иісшіл иті жуырда өткен «Қазқұтқару-2024» республикалық байқауында екінші орын алды.
«Джесси» атты лабрадордың жоғалған жандарды іздеп табудағы үлесі зор. Жыл басында дәмханда болған жарылыс кезінде Джесси үйінді астында қалып қаза тапқан адамның қай жерде жатқанын дәл көрсеткен. Әріптесім Ерденбек Жылқайдарұлы әңгімелейді.
Мына иттің аты Джесси. Сан мәрте боранды-тұманды күндері орманда, далада жоғалған жандарға жаңылмай іздеп барыпты. «Адасқан адамдарды тез арада табуға ізшіл иттердің көмегі көп», - дейді құтқарушылар.
Рашид Нұрғалиев, облыстық ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы:
- Қыста боранды күндері осы итпен талай іздестіру шараларына шықтық. Қар астында немесе өзге де көзге көрінбейтін қалтарыста қалған адасқан адамдарды іздеп табуда иттерге ешнәрсе жетпейді. Жалпы қызметтік иттердің еңбек өтілі 10 жылға дейін. Джесси қазір 8 қар басты. Енді 3-4 жылдан кейін зейнетке шығарамыз.
Жоғалған жандарды іздеп табуда иттердің жоғары нәтиже көрсетуі әрине кинологтың еңбегі. Асан Ниязов Джессиді 4 айлығында сатып алыпты. Содан бері тынбай жаттықтырып келеді. Әр жыл сайын серификаттаудан өткізіп, иттің иіс сезу қабілетін кинолог сарапшылар алдында дәлелдейді. Сол жүйелі жұмыстың жемісі шығар лабрадор осы қыста кафедегі жарылыс кезінде үйінді астынан қаза болған жанды дәл тауыпты.
Асан Ниязов, кинолог:
- Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын бастады қазып. Адамдарды шығарып жатты білетіндерін мына жерде деп көрсетіп, содан итті жіберіп көрейік деп жібердік. Ол тапты. Сол адамды тауып қасына үріп отырып алды. Ол шықпай, шығара алмай. Плита астына өзіміз кіре алмаймыз. Қауіпті, құлап кетуі мүмкін үстімізге. Содан шақырып шықты әйтеуір сол жерден. Иттерде иіс сезу өте жақсы ғой.
Қыркүйек айында Алматыда өткен «Қазқұтқару- 2024» республикалық байқауында оралдық құтқарушылардың командасы екінші орынды жеңіп алыпты.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов