Күріш алқаптарында қалып қойған балық шабақтары құтқарылып жатыр
Қызылорда облысында күріш алқаптарында қалып қойған балық шабақтары құтқарылып жатыр.
Ала жаздай егінге берілген су тартылғаннан кейін атыз, арналардағы ұсақ балықтар өзенге қайта алмай қалды. Мамандар аудандар мен қала маңынан жүздеген мың шабақты сүзіп алып, Сырдарияға жіберді. Сонымен қатар Арал өңіріндегі су айдындарына 12 миллионнан астам шабақ жіберу жоспарланып отыр. «Қамыстыбас» балық тоғаны мен «Тастақ» учаскесінде өсірілген бір жаздық су маржаны Арал теңізі мен Қамбаш көлдер жүйесін балықтандыруға бөлінеді. Биыл Арал ауданы бойынша 7 мың 400 тонна балықты сүзуге рұқсат берілді. Соның басым бөлігі Кіші Аралдан ауланады.
Жанқожа Сапаров, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- Бұның ішінде барлығына белгілі Көксерке балығының сүбесі Еуропа елдеріне, жақын орналасқан Ресей, Қытай мемлекеттеріне жөнелтіліп отырады. Одан бөлек мынау өсіруге қолайлы және осы облыс көлемінде жақсы дамып келе жатқан балық шаруашылығының өңірлік бағдарламасы бар. Соның аясында сазан балығы жақсы дамуда бізде.