Кәсіподақ ұйымының маңызы зор

Қарапайым жұмысшының мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымының қоғамда атқарар маңызы айрықша.

Атырау облысында соңғы бір жылдың ішінде 1 мыңға тарта келісімшарт осы ұйымның қатысуымен жасақталған. Нәтижесінде қарапайым еңбек адамының алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туып отыр. Дегенмен, кейбір мекемелерде Еңбек заңдылығын белден басу, қызметкерлеріне қысым жасау тыйылмай келеді. Ондай олқылықтар көбінесе, бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылмаған ұжымдарда жиі байқалады.

Батыстағы ірі мұнай-газ жобасына сервистік қызмет көрсететін «Автодом» мекемесінің көлік жүргізушісі Игілік Әленов жұмыстан шығып қалды. Ол аталған мекемеде 2015 жылдан бері келісім-шартпен жұмыс істеген екен. Енді мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымын құрамын деп жұмыссыз қалып отыр. Бір айта-кетерлігі сол кәсіподаққа топтасқан 60 адамның тең жартысы түрлі себептермен ұжымнан шеттетіліпті. 

Игілік Әленов, көлік жүргізушісі:

- Профсоюз құрғанның арқасында біздің төлем ақымыз, жалақымыз көтерілді. Больничный төленіп бастап еді. Уведомлениені маған кеше әкеп беріп тұр. 9-нан бастап жұмысқа шығуым керек еді. Ночьқа, онымен енді бұйрық шығарып тастапты.  

Игіліктің ісіне салалық кәсіподақ ұйымы араласты. Жалпы, мұнай-газ өнеркәсібіндегі мердігер мекемелерде еңбек заңдылығы сақтала бермейді. Оған себеп, жұмысқа қабылдаушы кадрлік агенттіктер мердігер мекемелердің ығына жығылып, аз шығынмен көп жұмыс атқару үшін еңбек заңының талаптарын айналып өтуге дайын тұрады, дейді заңгер Салтанат Рахимова. 

Салтанат Рахимова, "Қазақстан мұнай-газ кешені" салалық кәсіподақ ұйымы, облыстық филиалының төрайымы:

- Бұл бойынша кәсіподақтар федерациясына шағымдандық. Мен үш жақты еңбек дауларын шешу комиссиясының төрағасы ретінде облыс әкіміне хат жаздым. Ол кісі Еңбек министріне жолдағаны туралы хабарлады. Бүгінгі күні біздің ұсынысымыз қаралып жатыр.

Атырау облыстық кәсіподақтар Орталығы 85 мыңнан аса жұмысшының басын біріктіретін 670 бастауыш ұйымнан құралған. Өткен жылы Орталықтың араласуымен жұмысшы--жұмыс беруші және бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында 1 мыңға тарта келісім шарт жасалыпты. «Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны» сияқты, ондай ұжымдарда еңбек дауы болмайды, дейді Орталық төрағасы Әлібек Семғалиев. 

Әлібек Семғалиев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:

- Келісім-шартты дұрыс жасақталуы кәсіподақтары бар мекемелерге байланысты. Шағын мұнай мекемелері бар, өнеркәсіптер бар бұл ұжымдар кәсіподақтан көмек сұрап келеді. Біздің Орталық пен облыс әкімі бар және жұмыс беруші арасында үшжақты комиссия бар. Ондай дау-дамайдың барлығын сол комиссяға шығарып, сол жерден шешуге жұмыстанамыз.

Сондай-ақ Кәсіподақтар орталығы прокуратура, шкі істер органдарымен де тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде тек биылдың өзінде жұмысшы құқығын қорғауда 50-ден астам даулы мәселе сотқа жетпей шешімін тапты. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин