Ақтөбе қысқа көкөнісін қамдап алды
Биылғы күзде Ақтөбе қаласының тұрақтандыру қоры 8 мың тонна көкөніспен толығады.
Бұл қыстыгүні әлеуметтік тауар бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін жасалған қам. Қазір қоймаларға алқап басынан картоп, басқа да көкөніс түрлері жеткізіліп жатыр. Тұрақтандыру қорына көкөніс өнімдерін жергілікті үш шаруашылық жеткізеді. Солардың бірі - Берік Хамитовтың қожалығы. Ол биыл 200 гектар жерге ауылшарушалық дақылдарын еккен. Соның ішінде голландиялық тұқымды картопқа басымдық берген. "Оның өнімі мол, әрі бұзылмай ұзақ сақталады", - дейді фермер.
Берік Хамитов, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз картоптың «гала» және «коломбо» деген тұқымын егеміз. Бұған дейін ерте өсетін «коломбоны» сатқанбыз. Қазір «гала» дақылын сатып жатырмыз. Оны жарты жылдан 9 айға дейін сақтауға болады. Сондықтан оған сұраныс көп.
Осы күзде қоймаларға 5 мың тонна картоп, мың тоннадан астам сәбіз бен қырыққабат және 835 тонна пияз әкелінеді. Тұрақтандыру қорын жасақтау үшін азық-түлік тауарын өндірушілермен алдын ала келісім жасалған.
Тимур Биманов, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директорының орынбасары:
- Тауар өндірушілермен форвардтық келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Яғни бізге қажет тауар ақысының 70% егін егу науқаны алдында төлеп қоямыз. Қаражат өнімді егу мен өсіруге жұмсалады. Ал қалған қаржыны тауарды қоймаға жинап қойған кезде аударамыз.
Қор үшін жинақталған тауардың сапасын жергілікті билік қадағалайды. Мамандар күзгі жиын-терім аяқталғанда қоймаларды аралап шығады. Көкөністерден бөлек, тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтылады.
Айбат Ербазиев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылға қаражат бөлінген жоқ бірақ өткен жылдардан бері 2018-2023 жылдар аралығында 4,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қант 599 тонна, гречка 30 тонна шамасында, күнбағыс майы 20 тоннаның шамасында болады. Қазіргі таңда күріш алу мәселелері қарастырылып жатыр тұрақтандыру қорына. Қызылорданың ТОО Наймир деген, сол жақтан сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда бірінші партиясы әкелінген болу керек.
Қазір әлеуметтік дүкендерде қант, жарма өнімдері сияқты тауарлар саудаланып жатыр. Ал картоп, сәбіз, пияз бен қырыққабат қыс айларында нарық бағасынан төмен сатыла бастайды.
Авторлары: Мерей Бает Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков