Алатау қаласының даму жоспары БҰҰ-да таныстырылды

Алатау қаласының даму жоспары Біріккен Ұлттар Ұйымында таныстырылды.

Австрия астанасындағы ЮНИДО құрылымы аясында өтіп жатқан (Bridge for cities) «Қалалар арасындағы көпір» шарасында әлем қалаларының тұрақты даму мәселелері талқыланды.  2050 жылға қарай әлем жұртшылығының үштен екісі қалаларда тұратын болады. "Сондықтан урбанистика саласындағы мәселелерді шұғыл әрі жүйелі түрде шешу қажет" - дейді мамандар. Ол үшін жаңадан салынып жатқан шаһарларда жетекші мамандардың тәжірибесі ескерілуі қажет. Астанасын жаңа орынға ауыстырып жатқан Индонезия, саяси дағдарыс соқпағынан даму жолына аяқ басқан Руанда, халық саны артып келе жатқан Африка мен Азия елдері өкілдерімен қатар, бас жоспары биыл қабылданған Алатау қаласы да панельдік сессия қатысушыларының қызығушылығын тудырды.

Әркен Өтенов, Алатау қаласының әкімі:

- Біріккен Ұлттар Ұйымы қабырғасында өзге елдермен және урбанистика сарапшыларымен тәжірибе алмасу біз үшін өте жақсы мүмкіндік болып отыр. Панельдік сессияда өзге қалалардың жіберіп алған қателіктерін талқылап, оларды қайталамау үшін не істеу керектігін, қаланы барынша тұрғындарға ыңғайлы ету жолдарын сөз еттік. Оған қоса, Алатау қаласының экономикамызға тигізер пайдасы мен өндірістік әлеуетін арттыру жолдары да назардан тыс қалмады.

 

Естеріңізге сала кетейік, Алатау қаласы Алматы облысының аумағындағы жаңа шаһар.  Алматы қаласындағы жұмыссыздық, халық санының көптігі және инфрақұрылым мәселелерін шешуге бағытталған жоба арнайы экономикалық аймаққа айналмақ. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 168 заманауи мектеп, 219 балабақша, 102 емдеу мекемесі, 40 мың студент оқи алатын академиялық қалашық пен 1 млн-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.