Риддер маңында судан қорғау жүйесі орнатылды

Риддердің таулы аймақтарында тасқыннан қорғау жүйесі нығайтылады.

Өзендегі су электр станциясының су бұру арналарының беріктігі тексеріліп, тозған бөлігі қайта жөнделіп жатыр. Өйткені ертеректе салынған су станциясы құрылысында бірқатар қателіктер кеткені анықталды. Энергетиктер мен гидрологтар сол кемшіліктерді жою қажет дейді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр желтоқсан айында Риддер су электр станциясынан артық суды жіберу кезінде Громотуха кентінде 20-дан астам үйді су басқан болатын.

Риддер су электр станциясының су бұру арналары бірнеше шақырымға созылып жатыр. Бастауын таудан алатын Кіші Үбі, Громотуха және Тихая өзендеріндегі кешеннің құрылысы күрделі. Бұл биік арналар Риддер мен оған жақын ауылдарды су тасқынынан қорғайды. Су электр станциясынан шығарылатын техникалық төгінділерден бөлек, көктемде еріген қар суы да осы арналардың көмегімен реттеледі. 2023 жылдың желтоқсанында ескірген арна жауын-шашынға шыдас бермей, жақын маңдағы Громотуха ауылында 28 үйді су басқан еді. Сондықтан Риддер үшін стратегиялық маңызы жоғары су торабы жаңартылып, ауыр техника көмегімен бөгеттер салынуда. Риддер қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Евгений Тарасов кейде жауын-шашын бір айға дейін жалғасатын кезеңдер болатынын айтады. Оған қоса су электр станциясынан артық су жіберілгенде елді мекендерге қауіп төнеді. Сондықтан жоба жетекшілерінің алдына су бұру арналарының биіктігін табиғи және техногенді апаттарға мейлінше төзімде ету міндеті қойылған. 

Евгений Тарасов, Риддер қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

- Бұл арналар көктемгі су тасқыны кезінде небары 2 апта ғана жұмыс істеуге қауқарлы. Өткен жылы 41 күн бойы үзіліссіз су өткізгенде шыдас бермеді. Салдарынан төтенше жағдай орын алды. Содан кейін арнайы талдау жасалып, барлық құжаттары қайта тексерілді. 

Иван Серов су торабына жақын маңда тұрады. Тасқынға қарсы шаралар басталғалы жүріп жатқан жұмысты күнделікті бақылап жүр. «Былтырғы қателікке қайта ұрынбас үшін мұқият болу керек», - дейді.

Иван Серов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Біршама жұмыс атқарылды. Дегенмен бақылауды тоқтатпаймыз. Жұмыс сапалы орындалса көктемгі тасқын кезінде алаңсыз отыратын боламыз.

Жергілікті әкімдік тарапынан су электр станциясы басшылығына су бұру жүйесін қалпына келтіру, көпірлер мен өткелдерді жөндеу секілді бірқатар міндеттер жүктелген. Риддер әкімі Думан Рахметқалиев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпорынмен байланыс орнату бағытында жұмыстар жүріп жатқанын айтады. 

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

- Су электр станциясының құжаттары қазір Ертіс бассейн инспекциясында. Олармен үнемі хабарласып отырмыз. Су тасқынына қарсы шаралар толықтай орындалады. Жаяу жүргіншілерге арналған көпір жөндеуден өткізіледі. Ол жұмыстарды су электр станциясы өз қаражаты есебінен жүргізеді.

Келер жылы өңірде су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыруға 800 млн теңге бөлінеді. Ол қаржыға Алтай, Қатон-Қарағай және Зайсан аудандарын қарғын судан қорғау жүйесі жөнделеді. 

 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин