Тасқыннан зиян шеккен кәсіпкерлер көмексіз қалған жоқ

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде шығынға ұшыраған кәсіпкерлерге 1 млрд теңгеден аса өтемақы төленді.

Бүлінген әр нысанды техникалық сарапшылар тексеріп, шығын көлемін есептеді. Артем Лысенконың Петропавлда дөңгелек ауыстыру орындары мен қосалқы бөлшектер және қондырғылар сататын дүкені бар. Көктемде екі бірдей ғимаратын су басып, шығынға батты. 4 ай бойы ісі тоқтап тұрған кәсіпкерге мемлекеттен өтемақы төленді.

Артём Лысенко, кәсіпкер:

- Әкімдікке өтініш жаздық. Шығын көлемін сарапшылар келіп есептеді. Біз өтемақы көлемімен толық келісіп, 20 млн теңгеден аса қаражат алдық. Оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қондырғылар мен жиһаз сатып алдық.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыны кезінде 107 кәсіпкер шығынға батты. Оларға өтемақы төлеу үшін өңірлік комиссия құрылды. Әзірге 75 өтінімді мақұлдады.

Қанат Шамсутдинов, КӘсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

-  Қазір кәсіпкерлерге 1,1 млрд теңге өтемақы төленді. 30 өтініш кері қайтарылды. Себебі құжаттарын толық тапсырмаған. Енді олар екінші қайтара жүгіне алады. Әлі желтоқсанның 1-не дейін уақыт бар.

Өңірде көктемгі тасқыннан шағын және орта бизнеске 3,3 млрд теңге шығын келді. Қазір өтемақы алған кәсіпкерлер жөндеу жұмыстарын аяқтап, іс қайта жандандырып жатыр.

 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков