Елімізде онлайн маркетплейстерге қатысты шағым көбейді

Тоғыз айда тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне түскен арыз саны 156%-ке артқан екен, деп хабарлайды 24kz.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Биыл 9 айда тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне 40 мыңнан аса шағым түскен. Оның ширегіне жуығы онлайн саудаға қатысты. Былтырғы мерзіммен салыстырсақ, мұндай арыз-шағымның күрт өскені байқалады. 2023 жылы 6400 адам арызданса, биыл шағымданушы саны 10 мыңға жуықтаған. Оның 52%-і әлеуметтік желі арқылы тауар сатамын деп сан соқтырған алаяқтардың үстінен шағымданды. Сауда желілерінің интернет-сайттарына 2962, ал маркетплейстерге 1801адам шағым түсірген. Онлайн сауда алаңдарын жіктейтін болсақ, шағымның 66%-і Wildberries, 16%-і Kaspi, 10%-і Ozon, және қалғаны Temu, JOOM, Яндекс маркет, Pinduoduo секілді  маркетплейстерге тиесілі. Тұтынушылар көбіне тауар мен сатушы жайлы ақпараттың жоғына, тауардың сипаттамаға сәйкес келмейтініне, интернет-сайттардың тауар мен ақшаны қайтармайтынына арызданыпты. 

Блиц 1:

- Керек тауарды әкелетіні сирек. Ұсынғанның орнына мүлде басқасы келеді.

Блиц 2:

- Көбіне көп, киім жағынан әйелім береді. Жаңағы Pinduoduo. Одан болды енді, балаларымызға киім алған кезде бір-екі размерлері келмей қалған жағдайлар болды. Енді біз қазақпыз ғой, көпбалалы отбасымыз. Сондықтан одан қалғанды інісі немесе қарындасы киеді.

Блиц 3:

- Бұрын «Алиэкспресс» болған еді. Үлкен жиынтыққа тапсырыс беріп едім, кішкентайын әкеліпті. Содан бері ондайға жоламаймын.

Онлайн сауданың осы сияқты талай сұрықсыз тұсы анықталып жатады. Қазір Мәжілістің комиссиясында  онлайн сауда алаңдарына тиісті талаптар қою мәселесі қаралып жатыр. Мәселен, электронды сауда алаңдарын сауда нысандарына теңестіру ұсынылып отыр. Бұл тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда, сатушыны Әкімшілік Кодекстің 19-бабына сәйкес жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Заң жобасында қаралып жатқан тағы бір мәселе...

Шәкәрім Хайдар, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бақылау және үйлестіру басқармасының сарапшысы:

- Онлайн сауда алаңдарындағы бизнес пайдаланушыларды есепке алуды енгізу. Яғни, бұл олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезде тиісті ақпаратты алуға мүмкіндік беруді ұсынып жатырмыз. Осылайша, сатушылар тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң талаптарын сақтайды.

Алда-жалда тұтынушының құқығы бұзылса, тиісті мемлекеттік орган электрондық сауда алаңына хабарлайды. Ал сауда алаңы болса, олқылықтың орны толғанға дейін айыпты сатушыны бұғаттайды. Мәселе шешілгеннен кейін сатушы маркетплейстегі жұмысын жалғастыра алады. Бұл да қаралып жатқан заң жобасындағы жаңалық.

Шәкәрім Хайдар, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бақылау және үйлестіру басқармасының сарапшысы:

- Бұл процесс Қытаймен қалай реттелетін болады? Шетелдік компаниялар үшін Қазақстандағы өкілдіктерді міндеттеу ұсынылып жатыр қазір заң жобасында. Яғни міндетті түрде өкілдіктері болады, тіркеледі. Содан кейін сауда нысандарына теңестірілгеннен кейін жаңағы құқық бұзушылық орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік болады.

Тауарын онлайн маркетплейске орналастырып, ресми түрде саудамен айналалысатындардың қызметін қадағалау қиынға соқпас. «Мұндағы мәселе жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен, әлеуметтік желі арқылы сауда-саттықпен айналысатындарда», - дейді Тұтынушылар қауымдастығының жетекшісі Тұрсын Жағыпарова.

Тұрсын Жағыпарова, Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Көбінесе бүгінгі күні енді жастар талпынып, үйден отырып, заказдарды жинайды да 5-10, не 10-20 шақты заттарды Қытайдан алғызады. Енді адамның табиғаты сондай арзанға жүгінеді. Арзанның аты арзан. Ол тауарларды Қытайдың азаматы әкеліп жатқан жоқ. Ол тауарларды әкеліп жатқан, кедендік заңды бұзып, кеденнен өткізіп әкеліп жатқан өзіміздің азаматтар.

Кәсіпкер ретінде тіркелмеген саудагер сырттан әкелген тауар сапасына кепілдік бере алмаса, оны қайтып алуға құлықсыз болса, тұтынушы оны сотқа бере салады. «Жалпы онлайн маркетплейстен тікелей тапсырыс бермес бұрын тауарды қайтару шарттарының бар-жоғына көз жеткізген абзал», - дейді тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының өкілі.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев, Ғалымжан Әбділахат